Тараз. 77news — Тараздық тұрғын өзіне-өзі қол жұмсамақ болған. Оны мешіт жанындағы медресе шәкірті құтқарып қалған, деп хабарлайды 77news.kz тілшісі. 

Бүгін қаламыздағы жоғарғы оқу орын бірінде білім алып жүрген жиырма жасар бойжеткен өзін биіктен тастамақ болған. Жеңіс саябағы аумағында құрылысы аяқталмаған ғимараттың алтыншы қабатынан төменге секірмекші екен. Суицидке баруының себебі — ашу. Алайда кімге, не үшін ренжігені белгісіз.

Куәгерлердің айтуынша, жаман ойға берілген қыз құқық қорғау қызметкерлері мен төтеншіліктердің алдаусыратқанына көнбей «алған бетімнен қайтпаймын» алға жылжи бастаған. Сол кезде қыздың өмірі қыл үстінде тұрғанын аңғарған медресе шәкірті тәуекелге бел буып, жоғарыға асыға көтеріліп, қызды құтқарып қалады.