Тараз. 77news —  Асқар Мырзахметовтің тікелей бастамасымен «Жеңіс саябағы» ерекше күйге енді. Қысқа мерзім ішінде демалыс бағының көнерген келбеті, атына заты сай саябаққа айналды, деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агенттігі.

«Ерлік» мемориалдық кешенінің құрылысы ағымдағы жылдың сәуір айынан басталған болатын. Жұмыскерлердің, жалпы осы құрылысқа қатысты адамдардың бәрінінің күндіз-түні еңбектенуінің нәтижесінде саябақтың келбеті бүгінде адам танымастай өзгерді.

Айта кетерлігі, мемориалды кешеннің ортасына облыстық драма театрдың бір шетінде тұрған Бауыржан Момышұлының ескерткіші әкелініп, тас тұғырға орналастырылды. Ал ескерткіш алдынан «Мәңгілік алау» орын тапты.

Сондай-ақ, Жамбыл облысынан шыққан 48 Кеңес Одағы Батырының есімдері жазылған арнайы тақтайшалар бой көтеріп, олар жеке-жеке тұғырға орнатылып, тұғырдың орта тұсына көзсіз ерлік көрсеткен жауынгерлердің кеудесіне тағылған «Алтын жұлдыз» медальдарының ұлғайтылған көшірмелері ілінді.

«Батырлар аллеясынан» аса берген тұста кірпіштен өріліп, гранитпен қапталған 6 қабырға қаланды. Бұл – «Даңқ аллеясы».

Айта кетерлігі, кешеннің екі бас қақпасының биіктігі 8 метр, ені 13 метрлік мәрмәр, травертин тастарынан қаланды. Онда күзет сақшыларының мүсіні қойылды.


Алдағы уақытта саябақ аумағында соғыс, тыл ардагерлеріне арналған «Даңқ залы» бой көтермек. Интернационалист жауынгерлерге арналған мемориал да орнатылады. Ауған соғысы, Семей ядролық сынақтары және Чернобыль атом электр стансасындағы апаттың салдарын жоюға қатысқан азаматтарға арналған ескерткіштер қойылмақ.


Құрылыс жұмыстарынан бөлек, мұндағы ретсіз өскен тал-дарақ кесіліп, ағаштар бұталған. 15 мың шаршы метрді құрайтын аумаққа құйматас төселіп, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүруде. Сонымен қатар саябақты жағалай өтетін «Үшбұлақ» каналының бойында тазарту жұмыстары жүруде. Болашақта жағалауда демалушылар үшін жағажай жасалып, веложолдармен жабдықталмақ.

Еске сала кетейік, ел тағдыры, жер тағдыры сын сағатта түскен кезде 400 мыңдай халқы бар бір ғана Жамбыл облысының өзінен майданға 100 мыңнан аса адам аттанған болатын.


Қайсар мінезді жерлестеріміз батырлық пен елжандылықтың жоғары үлгісін көрсетті. 39 жамбылдық Кеңес Одағының Батыры атанса, 9 жерлесіміз «Даңқ» орденінің толық иегері болды.


Өз кезегінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 73 жылдығына орай өтетін мерекелік іс-шарада жеңілмейтін адам рухы мен жанқиярлықтың, батылдық пен өшпес даңқтың нышанына айналған «Қаһарман Ұлт – Бессмертный полк» шеруі ұйымдастырылады. Шеру екі бағытта: «Достық» алаңынан «Жеңіс» саябағына дейін және А.Сухамбаев ескерткішінен «Жеңіс» саябағына дейін жүріп өтеді.

«Ерлік» мемориалдық кешенінде іс-шаралар мерекелік концертпен және суретшілердің театрландырылған қойылымымен жалғасып, кешкі уақыттағы отшашумен аяқталды.