Фото: Аймырза Қалембаев

Таразда тұңғыш рет, генетикалық ерекшелікті анықтайтын орталық жұмыс істейді. Саусақ ізі арқылы тест алып, сараптама жасайтын құрылғы — Жамбыл облысындағы алғашқы жоба. Жобаның ерекшелігі — сіздің генетикалық саулығыңызды 16 беттік қағазға 5 минутта анықтап береді.

Дерматоглифика шетелде танымал болғанымен, біздің елге келгеніне көп болған жоқ. Ал біздің өңірге жобаны Жұмахан Әсілов алып келді.Жасы жиырмада болғанымен, ойы үлкен азамат бүгінде «Жұмахан» жеке кәсіпорнын басқарып отыр. Алғаш рет өзі «генетикалық тестті» 2016 жылы, Шымкент қаласында тапсырып көрген. Тесттің нәтижесі көңіліне бірден жаққанын айтады. Содан бері, ақша табамын деп емес, қазақ балаларына пайдам тисін деген ниетпен, аталған орталықты Таразда ашамын деп шешім қабылдайды.

«Адамдар ішкі түйсігіне көп мән бере бермейді. Сондықтан, айналасындағы адамдарға қарап ойлайды және адамдарға қарап мамандық таңдайды. Өзінің табиғи генінде бар нәрсені олар білмейді. Генетикалық тест осыны анықтауға көмектеседі,» — дейді жеке кәсіпкер Жұмахан Әсілов.

Генетикалық тест-кішкентай нәрестеден, үлкен кісіге дейін жас ерекшелік талғамайды. Он саусағыңыздың іздерін алған соң, арнайы бағдарлама сіз туралы барлық мәліметті 16 беттік қағазға бірден шығарып береді. Яғни, геніңізде бар ерекшелік, денсаулығыңыздағы ақаулар туралы айтып, жасөспірімдерге қай саланың тізгінін ұстау керектігіне де жөн сілтейді. Бірақ, бір адам туралы, келесі жеке тұлғаға  мәлімет бермейміз,-дейді мамандар.

Фото: Аймырза Қалембаев

«Саусақтың 6 түрлі ізі болады. Соны компьютерге енгіземіз. Сканерлеп алған соң, бағдарлама өзі барлық мәліметті шығарып береді. Бірақ адам туралы мәлімет еш жерде сақталмайды,» — дейді ол.

Фото: Аймырза Қалембаев

Генетикалық тест тапсыру-бес минут уақыт алады. Есесіне, ғұмыр бойы айналысатын ісіңіздің көзін тауып береді, дейді жас кәсіпкер Жұмахан Әсілов. Өмірдің қай ережесінде болмасын, ген-маңызды рөл атқаратынын ешкім жоққа шығарған емес. Сондықтан, генде бар ерекшелікті біліп жүру-ешкімге артық салмақ салмасы анық.

Мөлдір РӘСІЛ