Фото:Stan.kz

Тараз. 77news — Жамбыл облысында Шу-Отар тасымалдау бөлімінің қауіпсіздік жөніндегі ревизоры өз үйінде асылып өлген, деп хабарлайды 77news.kz.

Марқұмның жақындары оның мұндай қадамға баруына полиция қызметкерлері кінәлі деп санайды екен. Оны өз-өзін өлімге қиған 34 жастағы азамат өлерінің алдында жазған хатында  баяндапты.

Жайдар Дайрабаев өз хатында құзырлы орын айыптаған қылмысқа өзінің еш қатысы жоқ екенін және аталмыш ұрлықты Асылбек есімді жедел уәкіл жасады делінген.

Жайдардың жары Гүлбанудың айтуынша, қайғылы жағдайға ақпан айында теміржолда болған апаттың кесірі тиген көрінеді. Апатты оқиғада жүк тиеген пойыз жол үстінде аударылып қалған болатын. Сол апат орын алған уақытта аталмыш пойыздың 10 доңғалағы қолды болған екен. Қылмысты тескеру барысында полиция қызметкерлері жоғалған мемлекет мүлкін нақты қайда кеткенін топшылай алмайды.

Ал енді арада екі ай өткенде Астанадан келген жедел уәкілдер қылмыстық істі соңына жеткізу үшін Жайдарды тергеуге алады. Марқұмның жарының айтуынша, олар күйеуіне жазықсыз жала жауып, қылмысты мойындауды немесе төрт миллион ақша тауып беруді тапсырады. 4 сағаттық тергеуде психологиялық қыспақ көрген азамат ертесі күні өз үйінің қорасында асылып қалған. Алайда о дүниеге кетерінің алдында басынан өткен қиындықты жұьайына баяндап берген болып шықты.

Өз-өзіне қол салған азамат, бүгін жер қойнына тапсырылды. Оның артында екі баласы мен жары қалды. Қара жамылған отбасы бұл істі арыстай азаматымыздың әруағы үшін бұлай қалдырмаймыз дейді. Олар прокуратураға арыз түсіріп, кінәлілерді жауапқа тартқызбақ.