Фото: rp-astana.com

Тараз. 77news — Астананың 20 жылдығын атап өтуге бағытталған мерекелік шаралар туралы толық мәлімет беретін ресми сайт ашылды. Жаңа сайтта 2018 жылдың маусым айынан қыркүйегіне дейінгі мерекелік шаралардың кестесі берілген. Олардың арасында концерттер, театрлық қойылымдар, жәрмеңкелер мен ресми, мәдени-бұқаралық, спорттық шаралар бар.

«Бүгіннен бастап елордамыздың 20 жылдығына арнайы өткізілетін іс-шаралардың ресми сайты іске қосылды. Баршаңызды www.astanaday.kz ресми парақшасына шақырамыз! Жоспар жасап, елордамыздың мерейтойын бірге атап өтейік», — деп жазды қала әкімінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева өзінің Фейсбук парақшасында.

Порталда Астананың 20 жылдығына арналған шаралардың уақыты, өтетін орыны, билет бағасы, БАҚ-қа арналған баспасөз парақтары, жолдың жабылуы мен көлік тұрақтары туралы барлық мәліметтер жарияланады. 25 маусым мен 6 шілде аралығындағы мерекелік уақытта алты жүзден астам іс-шара өткізу жоспарланған.

Сонымен қатар, қала тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы болу үшін «iKomek» қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы базасында барлық қажетті ақпаратты мемлекеттік және ресми тілде алуға болады, онда «109» жедел нөмірі бойынша тәулік бойы колл-орталығының қызметі жоспарлануда.