Жамбыл облысы соңғы төрт айда оң нәтижелерге қол жеткізген. Өткенге көз жүгіртсек, өңірдің экономикалық, кәсіпкерлік, ауылшаруашылық салаларында ілгерілеу байқалады. Міндетті меже  қай салада болмасын артығымен орындалған. Алайда, жұмыс жоспар күйінде қалып, тұралған тірлікте жоқ емес.  Жалпы, өңірдің экономикалық-әлеуметтік әлеуеті сан сала өкілдерінің басын қосқан жиында айтылды.  

2018 жылдың қаңтар-сәуір айында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 30 млрд теңге жеткен. Сондай-ақ шаруашылық саласына салынған  инвестиция көлемі 3 млрд. қаржыны құрайды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 208 пайызды құрап, екі есе көп қаражат қамтылғанын көрсетеді. Алға жылжу байқалғанымен жылда қылаң беретін мәселелер биылда көрініс берген. Шаруаларды шырылдатқан шегерткелер шеруін былай қойғанда, баға тұрақсыздығы әлі де байқалады.

«Бағаны тұрақтандыру үшін күнделікті мониторниг жүргізіп отырамыз. Негізінен қолда бар мәліметтер жанармай, коммуналдық шаруашылық саласының қымбаттауы салдарынан бағаның өсуі байқалады. Біз бағаны бақылауда ұстау үшін бұл тұрғыда тұрақтандыру қорын құрдық. Ол қордан аудандар арзандатылған бағада тауарлар ала алады,» — дейді Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жандос Жақыпов.

Сондай-ақ кәсіпкерлікті дамыту саласында да серпін бар көрінеді. Баяндамадан байқағанымыздай кәсіпкерліктің де көкжиегі кеңейіп келеді. Бір ғана мысал, кәсіп ашамын дегендерге берілетін қайтарымды қаражаттың көлемі 7 млрд теңгеге ұлғайып отыр. Ісі алға басқандар  118 500 адамды жұмыспен қамтыған. Ал, өнеркәсіптің қай саласы болмасын экономикалық өсуге үлес қосуда. Инвестиция тарту ісінде де ілгерілеушілік бар. Тек екі аудан ғана көштен бір табан қалып келеді.

«Шу мен Сарысу аудандарында инвестиция көлемінің төмендеуі тиісті кезеңдегі базалық көрсеткіштің жоғары болуынан. Мысалы былтыр Шу ауданында екі кәсіпорын «Азиягазқұбыры» ЖШС және «Химплюс» ЖШС екеуі 5,7 млрд инвестиция тартқан болса. Биыл тек «Азиягазқұбыры» ЖШС 1 млрд теңге ғана инвестиция  тартқан,»дейді Жамбыл облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқарма басшысы Нүрипа Нұржігітова.

Жамбыл облысы эконамикалық дамудың даңғыл жолына түсуде. Сол үшін қарқынды бәсеңдетпей жоспарды артығымен орындауда. Биылғы жылы 8 инвестициялық жоба іске асып, жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Сондай-ақ биыл 600 мың егістік жер электронды егістікке енгізу жоспарланған. 4 айда осы істің алпыс пайызы орйындалған.