Тараз. 77news — Жамбылдық іскер әйелдер туризм саласына серпін бермек. Бүгін кәсіпкерлер палатасында кездескен үш тарап туризмді дамыту үшін қолға алынған жаңа жобаларды талқылады, деп хабарлайды 77news.kz AA.

Әр жиында ішкі және сыртқы туризмді дамыту турасы жиі айтылады. Алайда, құрғақ сөз, құр уәде көп істі қағаз жүзінде қалдырады. Енді міне іскер әйелдер күрмеуі көп мәселеге білек сыбана кіріспек.  Туризмді дамытудың жоспарын бір жиыннан-ақ жоспарлап қойды. Мәселен, олар қолөнершілер мен қонақ үйлердің ортақ базасын құрған. Кәсіптің көзін  тапқан нәзік жандылар, әр істің басын бір арнаға тоғыстыру арқылы ғана нәтижеге қол жеткізуге болатындығын айтады.

Бас қосуда  бұған дейін өзгеріске ұшыраған  туризм саласына қатысты заңның басымдылықтары туралы айтылды. Мәселен, бұрындары туристік нысандардың қатарында туркомпаниялар, қолөнершілер, тамақтану орындары кіретін. Енді бұл тізімді мәдениет және спорт институттары, мұражайлар, балалар лагері мен демалыс орындары, бақылаудағы табиғи орындар және медициналық мекемелермен толыққан.

Жаңа өзгерістерге сәйкес, туризм басқарамасы жаңа 10 бағыт жасады. Оның екеуі медициналық туризм саласында болса, бірі іскерлік бағытта. Ал, қазіргі уақытта арнайы оқушылар үшін тағы бір бағыттың жобасы дайындалуда. Демек, енді жеткіншектерде Жамбылдың тұмса табиғатын тамашалауға мүмкіндігі болмақ.