Фото: Әділбек Самаликов

Төл жәдігерімізді технологиялық тұрғыда түрлендіріп жүрген азаматтар бар.  Солардың  бірі – Жамбылдық Пернебек Ахметов. Өнертапқыш осыдан біраз жыл бұрын жиналмалы бесік жасап, дүйім жұртты  таңқалдырған еді. Сол жылдары журналистерді шулатқан жаңалық, бүгінде Қазақстандық брэндке айналып келеді. 

Елде жоқ жаңалық ашқан  Пернебек Ахметов бүгінде пайғамбар жасына аяқ басқан. Өзі ойлап тапқан бесік арқылы жаңалық жасаған жылдарды да сағына еске алады. Ал шебер одан бері көп нәрсенің өзгергендігін айтады. Қазір өнертапқыштың тұрақты тұтынушылары баршылық.  Тек,  әлі де болса ұлттық өнімге жарнама керек екенін айтады.

Фото: Әділбек Самаликов

«Бес жылдың ішінде 150-200  бесік тапсырыспен жасадым. Айына 5 бесік, кейде 10 бесік өтіп жүрген уақыты болды. Дегенмен әлі де болса «Ауыл берекенің» айналасына жарнама керек. Қазір қала бойынша екі-ақ жерде жарнама парақшам ілініп тұр,» — дейді Пернебек Ахметов.

Кәсіпкер бүгінде 4 адамды жұмыспен қамтып отыр. Әйелі бесіктің қабын тіксе, ұлдары жаңа аппаратты меңгеріп, оюлы өрнектерді ояды екен. Ал қос көмекшісі  құрастыруға қолғабыс қылады. Қазір, Қытайдағы қандастарымыздың тапсырысын жасап жатыр. 100 дана бесікті белгіленген уақытта бітіруі керек.  Өнертапқыш бұған дейін Бекболат Тілеухан, Бақтияр Артаев сынды қазақтың біртуар ұлдарының балаларына бесік жасаған ол, ұлттық құндылыққа сұраныстың жоғары екенін айтады.

Шебер басында бесік оюларын қолмен ойса, қазір арнайы аппараттың көмегіне жүгінетін көрінеді. Бұл құралды мемлекет берген қаржыға  сатып алыпты. Ал қолдау  барда,  қолдан келгенше аянып қалмаймын дейді. Жамбылдық өнертапқыш жақын арада   тағы бір жаңалығымен жұртты қуантпақшы. Журналистерге эксклюзивті ақпар сыйлаймын деген ол, бұл жұмысын әзірге құпия сақтауды жөн көріп отыр.

Мөлдір РӘСІЛ