Фото: жеке дерек көзінен

Тараз. 77news — Мойынқұм ауданының әкімі ауылға мәдениет үйін тұрғызу үшін 640 млн. теңге  сұраған. Ал көпір құрылысына 1 млрд. қаржы қажет екен. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов ауданға жасаған сапары барысында анықтаған, деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агентігі. 

Облыс орталығынан шалғайда жатқан Мойынқұм ауданында шешімін таппаған түйіткілді мәселелер көп екен. Айға қарап, ат тағалап жүрген аудан атқамінерлері аймақта болып жатқан жайлардан, қордаланған мәселелерден бейхабар болып шықты.

Облыс басшысы Асқар Мырзахметов іс-сапарын алдымен Мыңарал балық зауытынан бастады. Балқаш көлінің  маңында орналасқан бұл кәсіпорын жылына 1,5 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Мұнда Балқаш көлінің көксерке, сазан, табан, ақмарқа, қаракөз секілді балықтары тазартылып, өңделеді. Сондай-ақ, кәсіпорын  балықтан басқа шикізатты  қайта   өңдей алады. Ол үшін арнайы жабдықталған құрылғылары да бар екен. Бұдан бөлек балық тағамдарын, балықтан тартылған ет шығарумен де айналысады. Алайда кәсіпорынды шикізатпен қамтамасыз ететін балық аулау орындары жетіспейді екен.

Келесі кезекте Асқар Исабекұлы Мойынқұмадғы  ең ірі цемент зауытының жұмысымен танысты. «Жамбыл Цемент Өндіру Компаниясы» ЖШС қазақстан-француз  бірлескен кәсіпорыны болып табылады. Аталмыш компания жылына 1 млн. 2 мың тонна цемент шығаратын мүмкіндікке ие. Алайда, өндіріс қуатын арттыру үшін жабық вагондар жеткіліксіз көрінеді. Мәселен, зауытқа тәулігіне 150 вагон қажет болса, мұнда тек 70 вагон ғана жұмыс істейді.

Барлық әлеуметтік маңызы бар нысандардың жұмысымен танысқан Асқар Мырзахметов іс-сапар соңында дәстүр бойынша ауданда актив жиынын өткізді. Сонымен өңірде шешімін таппаған түйіткілді мәселелер бар. Алайда жергілікті билік өкілдері бұл жағдайдан хабарсыз болып шықты. Өйткені Кеңес ауылына құны 640 млн теңге болатын клуб пен 1 млрд теңгеге жуық Радаи өзені арқылы өтетін көпір салынуы тиіс деп жобалық құжатта бөлінетін қаржыны осылай көрсеткен. Бұдан бөлек ауыз су, елді мекендерді су басу қаупі тағысын тағы бар. Енді мұны әкімдіктегілер қалай түсіндірері белгісіз?

«Бюджеттен тек маңызды мәселелерге ғана қаржы бөлу қажет. Нұсқаулықты мұқият оқып шығыңыз! Жақын арада біз жауапты мамандарды аттестаудан өткіземіз. Себебі өзіңіздің аймағыңыздағы өзекті мәселелерді біледі ме жоқ па? Өзіңіз ойлап қараңызшы сізге 640 млн теңгеге клуб салуға қаржы бөлетін кім? Жылына бір рет әкімнің есебін өткізетін клуб кімге қажет?»деп сөкті облыс әкімі Асқар Мырзахметов.

Сонымен жоғарыда аталған мәселелердің кемшіліктері анықталып, барлығы хаттамаға енгізілді. Ал проблемаларды шешу үшін басшылық пен жауапты мамандарға уақыт берілді. Енді тіпті жұмыс орындарынан айырылып қалулары да ғажап емес.