Биыл Жамбыл облысында 241 алтын белгі иегері мектеп бітіреді

0
65

Тараз. 77news — Бүгін Жамбыл облысында 352 мектепте соңғы қоғырау соғылды, деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агентігі тілшісі. 

2017-2018 оқу жылында жамбылдық 9611 оқушы жалпы білім беретін оқу орнын бітіріп жатыр. Оның 7371-і қазақ тілінде, 2216-сы орыс тілінде, 24-і өзбек тілінде білім алған. Сондай-ақ,  241 оқушы  «Алтын белгі» төсбелгісіне және 195 мектеп бітіруші үздік аттестатқа үміткер болып отыр.

Енді алда үлкен сынақ күтіп тұр. 11 жыл бойы алған білімдерін ортаға салып, болашақтарының баяндылығы үшін тер төкпек. Мектеп қабылғасындағы соңғы сынақ, мемлекеттік емтихан 29 мамыр – 9 маусым аралығында өткізілмек. Түлектердің тағдырын таразылайтын ҰБТ форматы да биыл ерекше.

Атап айтсақ,  биыл қайтадан қортынды аттестаттау мен бірыңғай тестілеуді екіге бөлді. Жас түлектердің мектеп бітіргенін растайтын аттестатқа бағалар 11 жыл бойғы білім көрсеткіші және 5 пәннен өткен емтиханның қорытындысы негізінде қойылады. Атестатау кезінде әдебиет пәнінен 3 сағат уақыт ішінде шығарма жазу тапсырылады. Содан кейін қазақ тілді бітірушілерге орыс тілінен, өзге тілде білім алған шәкірттер қазақ тілінде тест тапсырады. Ал алгебра және анализ бастамаларынан да тест сұрақтарына жауап беру керек. Төртінші міндетті пән ретінде алынған Қазақстан тарихынан сынақ ауызша болады. Сондай-ақ таңдалған пәндерден де тест тапсырады.

Жаңа форматтағы ҰБТ-ның талаптары бойынша енді «Алтын белгі» иегерлері, жалпы республикалық және халықаралық олимпиаданың, сонымен бірге ғылыми жоба жүлдегерлері мен жеңімпаздары ҰБТ-дан босатылмайды. Жалпыға бірдей негізде тест тапсырғанымен, нәтижелері басқа талапкерлердің көрсеткіштерімен тең түскен жағдайда оларға грант бөлу кезінде басымдық берілмек.

Ал енді тест тапсырмаларындағы өзгерістерге келсек, талапкерлер биыл 3 міндетті, 2 бейінді пәннен тест тапсырады. Тестілеуге бөлінген уақыт – 3 сағат 50 минут. Міндетті 3 пәннен келетін сұрақтарға берілген бес жауаптың біреуі ғана дұрыс. Бейінді пәндердің екеуінде 20 тапсырма да солай, тек екі таңдау пәннің де он-он сауалында бірнеше дұрыс жауабы берілген. Сол екі немесе үш дұрыс жауапты белгілесе екі балл қосылады. Сондықтан тапсырманың барлығы 120 болғанымен, ең жоғары балл 140 болады.

Жаңа форматтағы ҰБТ-да шекті балл өзгерген жоқ. Ең төменгі меже бұрынғыдай 50-ден кем емес. Тек ұлттық және медициналық жоғары оқу орындарына түсушілер үшін – 65, ауыл шаруашылығы саласындағы жоғары оқу орындарында оқимын дегендер 60 балл жинауы керек. Межелі ұпайды жинай алмаған мектеп бітірушіге қайтадан тапсыруға мүмкіндік беріледі. Мұндай жағдайда жоғары оқу орнына ақылы бөлімге ғана түсе алады.

Биыл түлектердің мектеп бітірушілер кеші 15 маусым күні болады деп жоспарланып отыр.