Тараз. 77news — Таразда 20 жаңа автобус жүргіншілер игілігіне берілді. Бүгін су жаңа қоғамдық көлік кілттері жүргізушілерге табысталды, деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агенттігі.

Орталық алаңда тізілген су жаңа көліктер №1 автобус паркіне берілді. 153 адамды жұмыспен қамтып отырған мекеме 4 бағытта қатынайды. 90-ға жуық көлігі болғанымен, басымы ескірген.

Даму бағдарламасының аясында алынған қоғамдық көліктер Ресейде шығарылған. Паз маркалы әр автобустың құны 9 млн 500 теңге тұрады. Олардың барлығы газ отынымен жүру үшін жабдықталған. Әрі GPS жүйесі де жолаушыларды ақпараттандырып отыру үшін арнайы қойылыпты. Бірер күнде №11 және 17 бағыттардағы ескірген көліктердің орнын алмастыратын болады.

Қала басшылығы қоғамдық көліктерді жаңартуды одан әрі жалғастырамыз, — дейді. Жыл соңына дейін тағы 39 орташа және үлкен сыйымдылықтағы автобустарды алмақ. Яғни тағы 7 бағыттағы жарамсыз жүргіншілер көлігі жаңарады.