Тараз. 77news — Қордай ауданының жұртшылығы қуғын-сүргін кесірінен жазықсыз жапа шеккен  қайраткерлердің есімдерін еске алып, олардың рухтарына құрмет көрсетуді еш уақыт есінен шығарған емес. Осы дәстүрге сай биыл да орталық алаңдағы ескерткішке гүл шоқтарын қойып, репрессия құрбандарын еске алды, деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шараға халық көп жиналды. Олардың қатарында сол нәубетті жылдарды өз көзімен көрген қариялар да бар.

«Елімізде әрқашан бейбітшілік орнап, күніміз жарқын, аспанымыз ашық, бейбіт күндеріміз көп болғай!,» – дейді аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангөзов.

Аудан ардагері Иосиф Коркмазов өзінің сол жылдардағы мұңға толы естеліктерімен бөлісті. «Бұл өте ауыр жылдар болды, халық аш еді. Сол кездегі қасіретке қарамастан, қонақжай қазақ халқы бізді қанатының астына алып, бір үзім нанымен бөлісті. Осыдан болар, бүгінде елімізде 130-дан астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Менің қазақ халқына деген алғысым шексіз,» – деді қария.

Бір минуттік үнсіздіктен кейін жиналғандар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, қуғын-сүргін құрбандарының рузына тағзым етті.