Тараз. 77news — 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қордай ауданында да шеру өтті, деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Орталық алаңдағы әсем әуенге тал шыбықтай тербелген балақайлар мәз-мейрам. Ал аудан әкімі Болатбек Байтөле балаларға ізгі тілегін жеткізді.

«Бұл балаларға тек қуаныш сыйлайтын емес, кішкене балалардың құқығын қорғап, оларға қамқор, мейірімді болуға үндейтін мереке. Қоғамды кемтар, жетім не болмаса тұрмысы нашар отбасынан шыққан балаларды қорғауға, қолдауға шақыратын күн,» — дейді аудан әкімі.

Мереке балалардың салтанатты шеруімен жалғасты. Шеруді бастап шыққан №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының оқушылары өзара үздіктерін атап, флеш-моб биімен көрермендерді тамсандырды. Салтанатты шеруді жалғастырған №2, №3, №4, №5, №6, 47 және №51 орта мектеп оқушылары алаңмен жүріп өтіп, өнерлерін көрсетуден қалыс қалмады.

Балалардың мейрамы мұнымен шектелмей, орталық саябақта жалғасты. Онда балақайлардың өнері тамашаланып, ойындар ойнатылды. Мереке иелеріне бұл күні тәттілер таратылып, арнайы сыйлықтар да табыс етілді.