Фото: Современник

Қазақстанда 2018 жылдың басынан бері менингококк инфекциясынан 12 адам қайтыс болған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді, — деп хабарлайды 77news.kz тілшісі.

«Менингококк инфекциясына шалдыққан 14 жасқа дейін 18 бала тіркелді. Қайтыс болған бес баланың жасы 4-ке де толмаған,» — деді министр брифинг барысында.

Сондай-ақ, министрдің айтуынша, 2013 жылы бактериалды менингитті жұқтырған 117 жағдай тіркелген, 2014 жылы — 119, ал 2015 жылы — 424 жағдай, 2016 жылы — 120, 2017 жылы — 162 жағдай тіркелген.

«2013 жылы осы инфекциядан 18 адам қайтыс болды, 2014 жылы — 15 адам, 2015 жылы — 21, 2016 жылы 7 адам, ал былтыр 11 адам қайтыс болды. Бұл өте қауіпті дерт,» — деді министр.

Еске сала кетейік, кеше, 3 маусымда Алматы облысында 19 жастағы қыздың менингококк инфекциясынан қайтыс болғаны хабарланған еді. Сондай-ақ, бүгін Қызылордада 27 жастағы ер адамның менингококк инфекциясынан қайтыс болғаны айтылды.