Фото: Санат Аралбек

Тараз. 77news — Менингококк бактериясы барша жұрттың үрейін ұшырып жатыр. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі берген ресми деректері бойынша, жыл басынан бері қауіпті кеселден 12 адам көз жұмған. Соңғы 2 тәулікте тағы 3 адам қайтыс болды деген хабар жетті, деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агенттігі.

Қазір індеттің ең үлкен ошағы Алматы шаҺары. Қазір онда жағдай ушығып тұр. Бұрын соңды мұндай өлім-жітім тіркелмеген елімізде, кеселдің кенеттен өршуі ақ халаттыларды аяқтан тік тұрғызды. Жамбыл облысы да қазір дерттің дендемеуі үшін барын салуда.

«4 ай қорытындысы бойынша бүгінге дейін менингококкты инфекциямен 1 жағдай тіркелген. Ол қаңтар айында болды, науқас толық емделіп шыққан. Қазір эпидемиялық жағдай Жамбыл облысы бойынша бірқалыпты. Ауа-райының қоңыр салқын болуы инфекцияның шарықтауына ыңғайлы болып тұр. Сондықтан да сақтық шараларын қолдану керек,» — дейді Жамбыл облыстық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Күмісбек Рахимов.

Жамбыл облысында аландайтын еш себеп жоқ дейді мамандар. Ал денсаулығына алаңдаулы жандарға дәрігерлер 8 маусымнан бастап екпе жасатуға кеңес береді. №1 қалалық аурухана аймақ жұртын қабылдауға дайын. Бірақ, қарапайым жұрттың қалтасына салмақ салатын бір реттік вакцина құны — 24 000 теңге.

2016 жылы Жамбылда 6 адам осы ауруға тап болса, былтыр 3 тұрғын осы кеселге шалдыққан. Ал биыл қаңтарда бір ғана жағдай тіркеліпті. Дегенмен, мамандар сақтық шаралары үшін халық көп шоғырланған жерде мейлінше бетперде киіп жүруге кеңес береді.