Тараз. 77news — Латын графикасына негізделген қазақ жазуы мен жаңа әліпбиді түсіндіру үшін ел-елде түрлі шаралар өткізілуде, деп хабарлайды 77news.kz  ақпарат агенттігінің тілшісі.

«Қазақ тілі-ғажап тіл» атты әлеуметтік жоба жасалынған. Арнайы комиссия құрылып,   олар елді мекендерді аралап, насихаттау жұмыстарын жүргізуде. Өз жұмыстарын Сарысу ауданынан басталған топ, күні кеше Меркі мен Т.Рысқұлов аудандарына да ат басын тіреді.

Латын әліпбиіне көшу заман көшіне ілесуге жасалған игі қадам. Бұқараның басын қосқан жиынның әлқисасы  осылай басталды. Жаңа қаріптің қазақ елі үшін қаншалықты маңызды екендігін топ мүшелері жалпақ жұртқа ұғындыруға тырысты. Өйткені, халық арасында кереғар пікірлерде  қалыптасып үлгерген сыңайлы.

Шын мәнінде, қазақ әліпбиінің латын графикасына көшуі-күн тәртібіндегі көкейкесті мәселе болып отыр. Осы тақырып аясында, жер-жерде өткізіліп жатқан жиындар, қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақсатында ұйымдастырылуда.