Фото: Forbes.kz

Тараз. 77news — Жыл басынан аймақ экономикасының барлық салаларында өсім бар. Мәселен, өнеркәсіп саласында есепті кезеңде 165,7 млрд.теңгенің өнімі өндірілсе, құрылыс бұрын-соңды болмаған көрсеткішпен қарқын алған. Осылайша, Жамбыл облысы соңғы 5 айдың қорытындысымен еліміз бойынша көш басына шықты. Бұл туралы бүгін өткен кезекті Үкімет отырысында айтылды, деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Ауыл шаруашылығында  алға жылжу бар. Агро салада ағымдағы жылдың алғашқы 5 айында 39,4 млрд.теңгенің өнімі өндірілген. Саладағы өсімге ет, сүт, жұмыртқа өндіру көлемінің артуы себеп болып отыр.

Тау-кен өнеркәсібінде де өсімнің 15,6 пайызды құрағандығын атап өткен жөн. Аймаққа тартылған инвестиция көлемі де еселеп артуда. Облыстағы инвестицияның негізгі бөлігі Жуалы ауданындағы «Burnoye Solar» күн электростансасына құрал-жабдықтар алуға, Мойынқұм ауданы «ОРГ-СТРОЙ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі филиалының әрлеу тастарын өндіретін және өңдейтін зауыт құрылысына  салынған.

Ал, Сарысу ауданында «ЕвроХим» Қаратау» ЖШС химиялық тыңайтқыштар өндіретін зауыт соғуға да қаражат тартылған. Құрылыстың қарқын алғаны жамбылдықтардың көз алдында. Бұл салада жыл басынан бері жүргізілген жұмыстың жалпы көлемі 24,9 млрд. теңгені құраған. Бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 119,8 пайызға артық. Сәйкесінше, қаңтар айынан бері көлемі 152,7 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға берілген. Сонымен, облыс бюджетінің кірісі 97,2 млрд. теңгені құрап, 105,5 пайызға орындалып отыр. Бір сөзбен айтқанда Жамбыл облысы өңірдің 2018-2022 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында белгіленген жоспарды асыра орындауда.