Фото: Дәулетбай Нұрмахан

Тараз. 77news — Жамбылдық дарынды оқушылар облыс әкімімен жүздесті. Басқосуда оқушылар аймақ басшысына сауалдар қойып, емен-жарқын әңгіме өрбітті, деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агенттігі.

Бұл жиын бұрынғыдан өзгерек. Жыл сайынғы кез-келген кездесуде  ресми мәлімет, жаттанды сауалдар, тіпті, мінберге кімнің шығып сөйлеу керектігі де алдын-ала әзірленіп қоятыны жасырын емес. Бірақ, бүгінгі жүлдегерлердің кездесуі жаттанды форматтан алшақ.  Бұл — аға буын мен жас ұрпақтың арасындағы жылы шырай жүздесу, емін-еркін сұқбат алаңы болды. Кеңес те берілді, ұсыныс та айтылды.

Фото: Дәулетбай Нұрмахан

Кездесуде ауыл оқушыларының да жағдайы назардан тыс қалмады. Бүгінде облыста бас-аяғы 4 қана дарынды балаларға арналған мектеп бар екен. Бұл 7 жыл қатарынан бас жүлдені қолдан бермей келе жатқан өңір өрендері үшін аздық етеді деген аймақ басшысы, болашақта әр мектептен үздік оқушылар топтастырылған сыныптар ашылатындығын айтты.

Фото: Дәулетбай Нұрмахан

Форматы қызық кездесуге бас-аяғы 108 дарынды оқушы қатысты. Олар халықаралық додалардан — 37 жүлде, республикалық және президенттік  білім  бәйгелерінде — 63 жүлде, ғылыми жобаларда 22 жүлде иеленіп, Жамбыл облысының намысын қорғауда.

Сөз соңында облыс әкімі Жамбылдық жеткіншектер жетістігі — туған жердің топырағының киесінде екендігін де тілге тиек етті. Талай Таразиларды танытқан Әулиеата өңірінің өрендеріне мұнымен тоқмейілсіп қалмай, әрі қарай да шыңдалу керектігін айтты. Осы мақсатта Жамбылда білім олимпиадасына даярлау орталығын ашу да көзделуде. Ал, жергілікті биліктен  қолдау қашанда болмақ. Естен кетпес есті кездесуде дарынды жеткіншектерді облыс әкімі алғыс хатпен марапаттап,  ноутбук сыйға тартты.