Тараз  77news — Елбасының биылғы бес бастамасының бірі – шалғай ауылдарды көгілдір отынмен қамтуды одан әрі жалғастыру. Бұл бағыттағы жұмыстар Жамбыл облысында да жүйелі жүргізіліп отыр. Биыл Шу ауданының орталығы Төле би ауылын газдандыру бойынша 136 шақырымға құбыр тарту  жобаланған болатын,- деп хабарлайды 77news агентігінің тілшісі.

Қазіргі таңда жоспарланған жұмыстың жартысынан астамы орындалды. Яғни, 90 шақырымға газ құбыры тартылған. Ал жоспарланған 4165 тұрғын үйдің 4000-ына көгілдір отын кіргізілді. 658 үй келісім-шартқа отырып, олардың 500-ден астамы табиғи газды тұтынуда. Жоспарланған құрылыс жұмыстарын «Париев» ЖШС жүргізіп отыр.

2014 жылы жергілікті билік жұртпен кездескенде  тұрғындардың тілегі осы болыпты. Яғни, газ құбырын жер астымен тарту технологиясын бір ауыздан қолдаған. Ал, табиғи газды үйге тартудың құны сол кезде 420  мың теңгені құраған. Алайда, 2015 жылы қаржылық өзгерістерге орын алып құрылысқа қажетті материалдар бағасы 2 есеге қымбаттап кеткен. Тұрғындардың қалтасына ауырлық түскен соң, газ кіргізу құнын арзандатуды сұрапты.  Төлеби ауылының тұрғындары көтерген мәселе жерде қалмай, жауаптылардың құлағына жеткен. Осылайша,  8,7 шақырымды құрайтын көгілдір отын құбырына қажетті қаржы қазынадан қаралған.