Фото: Санат Аралбек

Тараз. 77news — Жамбыл облысында  «Аймақ арасындағы бизнесті жүргізу үшін қабылданған шаралар» тақырыбында жиын өтті. Ашық сұхбат түрінде өткен бұл шарада, қатысушылардың әрқайсысы түйткілді мәселелерін ортаға салып, жұмыс барысында кездесетін қиындықтарымен бөлісті, — деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агенттігі.

Кәсіпкерлер арасындағы шешімін таппаған сұрақтарға қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов жауап берді. Қатысушылар билік пен жеке кәсіпкерлер арасындағы өзара жұмысты егжей-тегжейлі талқылап қана қоймай, шаһардағы көкейкесті мәселелерді де айтты. Екі тарап талқылауында қалаға қысқы мұз айдыны, кешкі уақытта жастар жиналатын  орталық  керек екендігі сөз болды. Сонымен қатар, қоғамдық көлік мәселесі де айтылып, жол жүру ақысының қарапайым халыққа тиімді еместігі тілге тиек етілді. Мұнымен қоса, «Көне Тараздың» кешкі уақыттарда үнемі жабық тұратыны да, жас кәсіпкерлерді бей-жай қалдырмады. Олар кешкі астан кейін, қаланың көрікті жерін көре алмайтындықтарын айтып, қала басшысына шағым айтты. Ал, қала әкімі алдағы уақытта аталған мәселелерді назардан тыс қалдырмайтындығын жеткізді.