Фото: Әділбек Самаликов

Тараз. 77news — Жамбылдықтар енді тау бөктерінде шаңғы теуіп, қысқы демалысын өткізу үшін өзге шаһарларды шарламайтын болды. Өйткені, Жуалыда «Қар-Алма» деп аталатын таулы-тынығу кешені бой көтереді.  Ол үшін аталған ауданның тау бөктерінен жер телімі  беріліп,  құрылысы жақын күндері басталмақ, деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агенттігі.

Ішкі туризмді дамыту мақсатында қолға алынып отырған шараны жергілікті билік кәсіпкерлердің көмегімен жүзеге асырмақ. Тұмса табиғаты бар, қыстыгүні қар мол түсетін Жуалы өңірі – туризмді дамытуға қолайлы аймақ. Тек, инвестиция құйып, табиғат ананың мүмкіндігін пайдалану қажет. «Қар-Алма» тау кешенінің жалпы аумағы 60 гектарды құрайды. Бұл аздық етсе тағы да 8 гектар жер бөлу қарастырылуда. Ең бастысы – жергілікті биліктен қолдау бар. Ендігі міндет – сәулеті мен сәні келіскен демалыс орталығына айналдыру.  Шатқалдың шырайын келтіру үшін түрлі ғимараттар салынуы тиіс. Ал, кешеннің құрылысы бизнесмендермен бірлесе тұрғызылу керек. Кәсіпкерлер де бұл іске кірісуге ниетті екендіктерін айтты.

Демалыс орны кәсіпкерлермен біріге отырып салынатындықтан,  бұл кәсіп ашамын деген ниеттіге таптырмас идея, — дейді өңір басшысы. Өйткені, бизнесті бастау үшін көрсетілген әуелгі көмек,   жоба аяқталған соң қарастырылмайды  екен. Айта кетейік, таулы кешені келешекте туристер мен басқа да келушілер үшін жыл он екі ай  күтетін отбасылық демалыс орталығы болмақ. Өйткені, мұнда қонақ үй, мейрамхана, сауда үйі мен қымызханадан бөлек, ат мініп серуендеуге арналған алаң, тау шаңғысы және мұз айдыны  болады деп жоспарлануда.

Қазірдің өзінде, кәсіпкерлер  10 коттедж салуға ниет білдіріліп отыр. Енді сәулеті сызылып, қаражаты қамтылып, жобасы мақұлданған  кешеннің құрылысы осы сенбіде басталады. Ал, негізгі нысандар салынып болған соң, келешекте кешеннің көркін кіргізер абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жалғасатын болады.