Тараз. 77news — Жатақханаға  жат адамның жатуына жол жоқ! Әсіресе, студенттер үйінде. Қазір жыл бойы білім алған студенттер үйлеріне қайтып жатыр. Ал, мұндайда қаңырап бос қалатын әлгі көпқабатты жатақханаларды заңсыз паналап, тіпті болмаса пұлын беріп жатып алатындар бар.  Осы себепті қазір шаһарда студенттер үйіне жаппай тексеріс жүргізілуде, деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Арнайы құрылған мониторинг тобы әуелі өңірдегі ең ірі оқу орны Тараз мемлекеттік университетінен бастады. Жалпы мұндағы студенттер үйі 530 адамға арналған. Биыл 400-ден аса студент тұрыпты. Қазір тең жартысы үйлеріне қайтқан. Бақылау тобы болса, студенттердің әрбір бөлмесіне кіріп, тізім бойынша тізбектеп тексерді. Алайда, ешқандай заңсыздық орын алмады.

Ал 120 орындық  Жамбыл политехникалық колледжінің жатақханасында емтиханы бітпеген 80 білімгер енді жаздың бел ортасына дейін тұрады. Бірақ, бір қызығы әкімшілік ресми бекітілген білімгерлердің тізімін көрсете алмады. Өйткені жоқ. Бұған қоса, студенттердің кіріп-шығу рұқсат қағазын да көре алмадық. Ал, кіреберістен күтіп алатын кезекші әр студентті жатқа білген соң, кіргізетінін айтып отыр. Қызығы, қағазсыз қадағаланса, ертең қателік болмасына кім кепіл? Арнайы құрылған топ  енді бақылау шарасын әрмен қарай да жалғастырмақ.