Фото: Санат Аралбек

Тараз. 77news — Облыс әкімі Асқар Мырзахметов өңір ардагерлерімін кездесті. Ашық түрде өткен кездесуде ақсақалдар көкейдегі сұрақтарына жауап алды, — деп хабарлайды 77news.kz АА.

«Ақыл айтар ақсақалдар барда, талқыланар мәселе көп». Қазыналы қарттармен кездескен өңір басшысы бүгінгі жиынның әлқисасын осылай бастады. Облыс әкімі көп істің барысына тоқталып, ардагерлердің ұсыныс тілектерін тыңдады.

«Көптеген мәдени әдеби мұраларымызды іздестірсе, біздің ұрпағымызға үлкен көмбе, ұрпаққа тәрбие болатын шығармалар қалар еді. Менің ұсынысым осылар жүйеленіп жинақталса. Бізде енді руханият орталығы бар, халық шығармашылық орталығы бар. Жалпы ардагерлердің айтарын, би шешендеріміздің мұрасын жинақтасақ,» — деп ұсынысын білдірді облыстық «Ғұмыр-Дария» ардагерлер газетінің Бас редакторы Жаңабай Миллионов.

Жиынға келген қарияларды толғантқан тағы бір мәселе бар екен. Ардагерлер білім бәсекелерінде дес бермей жүрген дарынды жастарымыз далада қалма деп қорқады. Олар үшін арнайы орталық Таразда жоқтың қасы. Қаржылай қолдау болса, осы іске білек сыбана кірісеміз дейді. Тек, жауаптыларға жолдаған хаты, жарты жолда қала ма деп алаңдайды.

Іс шаш етектен болса да, шешім табылады. Тек қаражат пен мықты кадрлар керек. Осылай деген аймақ басшысы бұл жобаның Жамбылдық жастар үшін аса қажет екендігін баса айтты. Оймақты ойлар мен салмақты сөздер айтылған кездесу соңында Асқар Исабекұлы ардагерлермен жиі жүздесетіндігін жеткізді.