Тараз. 77news — Таразда 3 діни ошақ заңсыз қызмет атқаруда. Одан өзге мектеп жасындағы қызбалалардың 61-і оқу ордасында орамалмен бүркеніп жүретін көрінеді. Бұл мәліметтер қала әкімдігінде өткен діни бірлестіктер кеңесінде белгілі болды, — деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Келелі кездесуде аймақтағы діни ахуал мен саладағы атқарылған жұмыстардың бірқатары тілге тиек болды. Мәселен, жыл жүзінде 30 діни ошаққа бейнебақылау жүйесі орнатылған. Шет елді діни білім алып жатқан 13 азамат елге қайтарылып, олардың саны 3-ке азайған. Сонымен қатар, орамалға оранған мектеп жасындағы 66 шәкірттің ата-аналарымен жұмыстар жүргізіліп, оларды 61-ге кемітуге ықпал жасалыпты. Бүгінде  қала бойынша, 144 жеткіншек ата-анасының ықпалымен дінде болса, оның 62-сі ислам, қалған 82-сі иегова куәгерлері сынды өзге ұйымдарға үйір.