Фото: жеке дерек көзінен

Тараз. 77news — Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің төл мерекесіне орай ұйымдастырылып жатқан іс-шаралар легі жалғасуда. Осы жексенбіде Жамбыл телеарнасының ұйымдастыруымен және қала әкімдігінің қолдауымен белгілі журналист Мұса Рахманбердиев атындағы бильярд турнирі өтті, —  деп хабарлайды 77news.kz AA

Мұса Рахманбердиев  атындағы журналистер додасы биыл 12 рет ұйымдастырылды.  Белгілі журналистің еңбегін бағалап, есімін ескеру жолындағы дәстүрлі турнир – БАҚ қызметкерлерінің мерекесіне айналып келеді.

Биылғы турнирдің деңгейі жоғары. 40 тан астам үміткер бақ сынады.  Бұл өткен жылдармен салыстырғанда, бильярд турнирінің қанатын кеңге жайып келе жатқанын көрсетеді.

12 жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан тастаяқ турнирі тартысқа толы болды. Ал, финалдық кезеңде кездескен спорт басқармасының баспасөз хатшысы Бауыржан Әбдіманап пен «Жамбыл» арнасының телеоператоры Серік Тәжібаев тамаша ойын өрнегін көрсете білді. Екі айналымда бір-бірінен айласын асыра алмаған қос қарсылас, үшінші кезеңде өзара кім мықтыны анықтады.

БАҚ өкілдері асыға күткен, биылғы достық додасының тағы бір ерекшелігі, тек жеңімпаздар ғана марапатталып қоймай, шебер ойын көрсеткендер де, қаржылай сыйлыққа ие болды. Іс-шара соңында қатысушылар, турнирдің өз деңгейінде өтуіне мұрындық болған «Жамбыл» арнасы мен Тараз қалалық әкімдігіне алғыстарын айтты.