Тараз. 77news –  Өткен жылы Қордай ауданы,  Қасық ауылына Әлжан ананың есімі берілген болатын. Сол сәттен бері аудан орталығына іргелес жатқан ауылдың ажары ашылып, әлеуеті артып келеді, деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Елордамыздың мерейлі мерекесіне орай Әлжан ана ауылында бой көтеріп, тұрғындардың игілігіне ұсынылған бірнеше нысанның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Таң сәріден күмбірлеген күйсандықтан шыққан әсем әуен, ұлттық киім киген әжелер, танымал әндерді нақышына келтіре шырқаған әншілер қалың көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады. Аталмыш іс-шараға ауыл тұрғындарымен қатар, аудан ақсақалдары, алыс-жақыннан келген қонақтар және аудан әкімі Болатбек Байтөле бастаған атқамінер азаматтар қатысты.

Бірінші кезекте, Әлжан ана ауылының тарихи музейінің лентасы қиылды.

Ауыл тұрғындарының қуанышымен бөліскен Болатбек Байқонысұлы: «Біз бүгін елордамыз Астананың 20 жылдығы қарсаңында құт болып, қасиет дарыған Қордай жерінде елеулі оқиғалардың куәсі болып отырмыз. Заманауи үлгіде, айрықша стильмен салынып, сәйкесінше безендірілген музейдің келушілер назарына ұсынатын құнды бұйымдары мен деректері аз болмайды деп сенемін. Баршаңызды бұл музейдің ашылуымен құттықтаймын, сіздерге зор денсаулық, бірлік пен ынтымақ және жұмыстарыңыздың жемісті болуын тілеймін», – деген құттықтауын жеткізді. Содан кейін халық алдына ауданның Құрметті азаматы Тұрғанбек Тұрысбаев ақсақал шығып, ауыл өмірінен естеліктерін айтып, тұрғындарды айтулы күнмен құттықтады.

Айта кетерлігі, музейде инновациялық технологиялар қолданылатын болады. «Бүгінгі күнде музейде ауыл тұрғындарынан біраз жәдігерлер жиналды. Келушілер тарихи жәдігерлер арқылы ауыл тарихымен танысады. Сондай-ақ, музейде Елбасымыздың анасы Әлжан ананың өмірі, Нұрсұлтан Әбішұлының балалық шағынан бастап, бүкіл қызметтік өмір жолы жайындағы деректер орналастырылады», – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Гүлнұр Ембердиева.