77news. 31 қазан. Тараз — «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың келісімі бойынша партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Орталық аппарат ұжымына партияның жаңа хатшысы Ғабидолла Әбдірахымовты таныстырды. Ал Зауытбек Тұрысбеков басқа қызметке ауысуына байланысты аталған қызметтен босатылды, деп хабарлайды саяси ұйымның баспасөз қызметі.

Мұхтар Құл-Мұхаммед З.Тұрысбековке партия қатарындағы тиімді еңбегі үшін ризашылығын білдіріп, жаңа дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне табыс тіледі. Зауытбек Қауысбекұлы аталған қызметке осы жылдың маусым айында тағайындалған болатын.

Әбдірахымов Ғабидолла Рахматоллаұлы 1975 жылы 23 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келді. Экономист және мемлекеттік әкімшіліктік басқару мамандықтары бойынша жоғары білім алған. Қазақ, орыс, неміс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген. Әр жылдары жауапты басшылық қызметтерде болды. Атап айтқанда, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы, Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы, Премьер-Министр Кеңсесінің жетекшісі, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Ғ.Әбдірахымов «Нұр Отан» партиясының хатшысы қызметіне дейін Шымкент қаласының әкімі болды.