Тараз. 77news — Қордай ауданында жаңа нысандар ел игілігіне берілді. 20 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория мен шағын футбол алаңы ашылды. Сондай-ақ, «Qasyq» ауыл  шаруашылығы кооперативі ашылды, — деп хабарлайды 77news.kz AA тілшісі.

Жобалық құны 35 млн. теңгені құраған, 15 келушіге арналған амбулаторияда 11 медицина қызметкері жұмыс істейтін болады. Енді жергілікті тұрғындар аудан орталығына бармастан өз ауылынан ем қабылдай алады. Ақ халатты абзал жандар мен тұрғындарды құттықтаған аудан басшысы ауыл тұрғыны Жайсан Әбдіматовпен бірге нысанның салтанатты лентасын қиып, аға дәрігер Әсел Масақбаева қонақтарды нысанмен таныстырып шықты.

Шағын футбол алаңының ашылу барысында Болатбек Байтөле «Туған жерге туыңды тік» акциясы аясында осы нысан құрылысына демеушілік көрсеткен Бақытжан Мырзамұратовқа алғысын айтты. Осы орайда, Ноғайбай мен Әлжан ана футбол командалары арасында жолдастық кездесу өтіп, жас футболшылар алаңның сапасына жоғары бағасын берді.

Тұсауы кесілген келесі нысан «QASYQ» кооперативінің сүт қабылдау бекеті болды. Төрт мыңнан аса халқы бар ауылдық округтің тұрғындары көбіне мал өсірумен айналысатындықтан бұл бекеттің бой көтеруі ауыл жұртына таптырмас сый болғаны анық. Аудан басшысы өз сөзінде ауыл тұрғындарының күнделікті аз-кем табыс табуына мүмкіндік туғанын да атап өтті. «Бұл бекетте күніне 2,5-3 тоннаға дейін сүт қабылдау мүмкіндігі қарастырылған. Сүт өткізетін жерлеріміз де бар, болашақта құрт, кілегей, ірімшік өндіруді мақсат етіп отырмыз. Сүтті 80 теңгеден қабылдаймыз», – деген кооператив төрағасы Мәди Төребаев жиналғандарды қондырғылармен таныстырды. Қазіргі таңда бекеттің жеке лобараториясы бар, сонымен қатар «Қордай сүт өнімдері» ЖШС-мен келісімшарт жасасып, сүт өткізіп келеді.