Тараз. 77news — Елорданың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында Қордай ауылында да жаңа нысандардың тұсаукесер рәсімі өтті. Осылайша, 320 көрерменге арналған алғашқы спорт кешені ел игілігіне тапсырылды, — деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Спорт кешенінің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Болатбек Байтөле Елбасының жүргізіп отырған саясатының басты бағыттарының бірі – жастардың спортпен айналасуына барынша жағдай жасау екенін, сондай-ақ ашылып отырған кешенде тәрбиеленетін спортшылардың ел абыройын асқақтататына сенімді екенін жеткізді.

Осы ретте сөз алған аудандық мәслихат хатшысы Руслан Нұрсипатов спортсүйер қауымды зәулім спорт ғимаратының ашылуымен құттықтаса, ауданның Құрметті азаматы Балтабай Байділдаев жас спортшыларға жоғары жетістіктерге жетуге тілегін білдірді. Кейіннен Болатбек Байқонысұлы мен Балтабай Байділдаев ашылу лентасын қиып, әжелер шашу шашты. Осы құрылысты жүргізген «ПСК Алибек» ЖШС-нің басшысы Бауыржан Елеусізов ғимарат кілтін Қордай ауылдық округінің әкімі Бақыт Сахатовқа салтанатты түрде табыс етті.

Салтанатты шара барысында жиналған қауым кешеннің ішіне кіріп, соңғы үлгідегі спорт жабдықтарымен танысты. Жалпы, бұл кешенде үлкен ойын алаңы және 320 көрерменге арналған трибунасы бар. Алаңда футбол, воллейбол, баскетбол ойнап, күрес, дзюдоға арналған боз кілемде болашақ чемпиондар жаттығатын болады. Сондай-ақ, кешендегі алты киім ауыстыру бөлмесі, медицина кабинеті, жаттықтырушылардың бөлмелері, тренажер залы көпшіліктің көңілінен шықты. Нысан облыстық бюджеттен қаржыландырылып, жалпы сметалық құны 438101,0 мың теңгені құрады.

Осындай игі бастама салауатты өмір салтын ұстанушылардың қатары көбейюіне үлкен үлесін қосары анық.