Тараз. 77news — Мемлекеттік жекеменшік әріптестіктің ел экономикасын жаңа белестерге жеткізуде берері мол. Бұл әсіресе, балабақша ашу мәселесінде тиімді. Мемлекет пен кәсіпкерлердің бірлескен жобалары жаңа жұмыс орындарын ашып, бүлдіршіндерді балабақшамен қамту мәселесін түбегейлі шешіп келеді.

Осы орайда, Астананың мерейтойы қарсаңында Қордай ауылында жекеменшік «Керімбала» балабақшасы бүлдіршіндерге есігін айқара ашты. Ашылу салтанатында аудан басшысы Болатбек Байтөле жиналған қауымды Астананың 20 жылдық мерекесімен құттықтап, сөз сөйледі.

Қазіргі кезде ауданымызда жекеменшік балабақша мен шағын орталықтар саны 28-ге жетті. Бұл мемлекеттік жекеменшік әріптестіктің нақты нәтижесі. Ауданымызда мектепке дейінгі тәрбиемен қамту үлесі 91 пайызға жетіп отыр. Ендеше, ашылып жатқан балабақшаның қадамы құтты, балабарымыздың болашағы баянды болсын. Жүздеріңізден қуаныш пен бақыт күлкісі кетпесін, ал жүректеріңізге мейірім мен шапағат ұяласын, – деді аудан әкімі.

Келесі кезекте ауданның Құрметті азаматы Анатолий Шупта және ардагер ұстаздар Маржан Молдабекова мен Әлия Жүнісова сөз сөйлеп, бүлдіршіндер мен ата-аналарды құттықтады.

Бұл 2016 жылдан бері жұмыс істеп келген «Керімбала» балабақшасының екінші филиалы. Кәсіпкер Нұрлан Болысбектің бастамасымен ашылған 200 орындық балабақша барлық мемлекеттік талаптарға сай жабдықталған. Жобалық құны 150 млн. теңгені құраған мекемеде 12 адам жұмыспен қамтылып, олардың ішінде 5 тәрбиеші, 5 бала күтуші, бір әдіскер және бір аспаз бар. Екі қабатты ғимаратта жас өскіндерге сапалы білім мен тиісті тәрбие беруге барлық жағдай жасалған. Бүгінгі күнде мұнда 2 қазақ және 3 орыс тілді топ жинақталыпты. Бүлдіршіндерге ағылшын тілін үйретуді негізгі бағыты санайтын балабақшада сабақтар интерактивті тақтаның көмегімен жүргізіледі екен. Сонымен қатар, би, арттерапия сынды сабақтар жас өскіндердің ой-өрісінің дамуына өз үлесін қосары анық. Балабақша ішіндегі ойын алаңдарына ерекше көңіл бөлінген. Таяуда 5 ойын бөлмесінен бөлек, шағын спорт кешенінің құрылысы аяқталады. Сондай-ақ, мұнда психолог, логопед мамандары және медбике кабинеті бар.

Айта кетерлігі, биыл ауданда мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында тағы басқа балабақшалар ашылады деп күтілуде. Бұл бүлдіршіндерді балабақшамен қамту үлесін 94 пайызға жеткізбек.