Тараз. 77news — Елордамыз Астананың 20 жылдық мерекесі қарсаңында ауданымызда жағымды жаңалық көп. Бұған мысал аудандағы бірнеше нысанның тұсауы кесіліп, тұрғындардың қолдануына берілуі. Бұл жолы Бетқайнар ауылында жаңа балабақша ашылып, ауылдың кішкентай бүлдіршіндері мен ата-аналарына қуаныш сыйлады.

Балабақшаның тұсаукесерімен құттықтау үшін ауданды басқарып жүрген азаматтар, қадірлі қариялар және бетқайнарлықтар келді. Баршасы ыстық ықыласы мен жылы лебіздерін білдіріп, мекеме басшысы Ғания Онгелдиеваға алғыстарын айтып жатты. Ашылу салтанаты барысында әдеттегідей ән шырқалып, шашу шашылды. Қараша халықты Елордамыздың мерейлі мерекесімен құттықтаған аудан басшысы Болатбек Байтөле: «Елбасы Н.Назарбаев әрқашанда балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту мәселесі маңыздылығын айтып келеді. Бұл бағытта мемлекеттік бағдармалар арқасында жекеменшік балабақшалар саны өсіп жатқанына баршаңыз куә. Осындай қуанышымыз әрқашанда көп болсын», – деді.

Келесі сөз кезегін аудандық мәслихат хатшысы Руслан Нұрсипатов алып, жүрекжарды тілегін төксе, Бетқайнар ауылдық округінің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сейітбек Сайбиров  тәрбиеленушілердің қадамы құтты болсын деп тіледі.

Салтанатты шаралардан соң балабақша меңгерушісі Ляззат Онгелдиева қадірменді қонақтарды балабақшамен таныстырып шықты. Балалардың тәтті күлкісіне толы бұл ғимаратта 24 адам жұмыспен қамтылған. 3 пен 6 жас аралығындағы 100 балғынды ағылшын тілі, орыс тілі, хореография, өзін-өзі тану және ән сабақтарын жүргізетін тәжірибелі 2-категориялы және жоғары білімді тәрбиешілер оқытады. Сонымен қатар, балабақшада интернет, медбике кабинеті және дәмді, әрі пайдалы тағамдар дайындайтын асханасы да бар.

Әр елді мекенде балаларды балабақшамен қамту аудан басшылығының алға қойып отырған басты бағыты. Ендеше бұл меже осымен тоқтамай 100 пайыздық көрсеткішке жетуіне сеніміміз мол.