Фото: Ақәділ Рысмахан

Тараз. 77news — «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасының негізінде Елордасы Астана қаласының 20 жылдығына орай «Домбыра – халық мұрасы» атты іс-шара өтті, — деп хабарлайды 77news.kz AA тілшісі.

Елбасының Жарлығымен 1-шілде Ұлттық домбыра күні болып бекітілді. Домбыра – ұлтымыздың символы. Домбыра көне заманнан бері қазақ халқымен бірге жасап келеді. Әр қазақ үшін домбыраның үні қымбат. Домбыраның қоңыр үні халқымыздың тарихын, салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын ұрпақтан-ұрпаққа әуенмен жеткізіп келген.

Фото: Ақәділ Рысмахан

Бүгінгі шараға Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Әбдімомын Желдібаев пен ҚР Мәдениет қайраткері Аман Малдыбаев бастаған 300-ге жуық домбырашы қатысты. Салтанатты мерекеде Әбдімомын Желдібаевтың халқымызға белгілі «Ерке сылқым» күйі, Аман Малдыбаевтың «Көне Тараз», Құрманғазының «Балбырауын» күйлері орындалды. Жоғарыдағы аталған 300 домбырашының ішінде облыстық филармония, облыстағы мәдениет қайраткерлері, облыстық балалар мен жасөспірімдер орталығының жастары, мектептен тыс жұмыс орталығының, колледждердің, орта мектептердің білім алушылары болды.

Фото: Ақәділ Рысмахан

Іс-шара барысында облыстық қазақ драма театрының «Домбыра үні» атты театрландырылған қойылымы қойылды және де аталған іс-шараға ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мұхтар Рахманқұлов, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Ерлан Бақтыгерей және Халықаралық конкурстардың лауреаты Адай Жұмат домбырашыларға дирижерлік етті.