Біздің интернеттегі әрекеттеріміз туралы ақпаратты тек іздеу жүйелері ғана емес әлеуметтік желілер, интернет-дүкендер және басқа да сайттар жинайды. Шынын айтқанда, қазір жеке мәліметтер цифрландыру дәуіріндегі қара алтынға тең. Олардың құндылығы жыл өткен сайын артып жатыр. Сондықтан да ірі ІТ-корпорацияларды, әлеуметтік желі иелерін жеке мәліметтерді жинақтайды деп жиі айыптайды. Осыған байланысты әлеуметтік желілер мен іздеу жүйелері үшін біздің жеке ақпараттарымыздың не үшін қажет екендігін және интернеттегі құпиялылықты қалай сақтау керек екендігін түсіндіреміз.

ҚОЛДАНУШЫЛАРДЫҢ МӘЛІМЕТТЕРІН ЖИНАУ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?

Себептері әртүрлі болуы мүмкін. Іздеу жүйелері мен әлеуметтік желілер ақпаратты жарнама үшін жинайды. Осы ақпаратқа байланысты жарнама берушілер аудиториясына қажетті жарнаманы көрсетеді. Сондай-ақ сіздің талғамыңызға сай жаңалықтар лентасын құрып отыру үшін де керек.

Ал интернет-дүкендер мен басқа да ресурстар мәліметті өзінің сайттарын жақсарту үшін пайдаланады. Олар қолданушының әрекетін сарапқа салып, соның талғамына сай тауар ұсынады. Қолданушыға ыңғайлы болу үшін сайттарын өзгертіп, сұранысқа сай тақырыптарды ұсынып отырады.

ҚОЛДАНУШЫЛАРДЫҢ  ЖЕКЕ МӘЛІМЕТТЕРІН ҚАЛАЙ ЖИНАЙДЫ?

Кейбір ақпараттарды біз өзіміз қалдырамыз: жазбалар жазамыз, лүпілдер басып, суреттер саламыз. «Сен қандай актерге ұқсайсың?» деген тесттен өтіп, сұрақтарына жауап береміз. Ал Гугл мен Яндекстің сараптама жүйесі мәліметті куки (cookies) арқылы жинайды. Куки сіз интернетке кіретін браузермен байланысты. Дегенмен кукилер арқылы сізді біртұтас жүйе ретінде қарастыру мүмкін емес. Сіз түрлі құрылғылар арқылы түрлі браузерлерден кіргенде жүйе алуан түрлі кукилерді көреді. Ал сіз браузердің тарихын тазалап, кукилерді өшіре аласыз.

ҚОЛДАНУШЫЛАРДЫҢ НАҚТЫ ҚАНДАЙ МӘЛІМЕТТЕРІ ЖИНАЛАДЫ?

Әртүрлі. Сараптама жүйесі әдетте қолданушының белгілі бір сайтқа кіргені, қандай сілтеме арқылы өтіп, қандай құрылғылармен пайдаланатындығы туралы ақпаратты жинайды. Бірақ ол мәліметтерді нақты деп айтуға келмейді. Мысалы, Гуглдың сараптама жүйесі сіздің жынысыңыз бен жасыңызды тура анықтай алмайды. Ол тек сіздің интернеттегі әрекетіңізге қарап болжам жасайды.

Әлеуметтік желілерде қолданушылардың өздері жеке мәліметтерін қалдырады. Айталық, фейсбуктен қолданушының білімі, еңбек орны, өмір сүретін жері, саяхаты, әлеуметтік байланысы және қызығушылықтары туралы ақпаратты білуге болады. Сондай-ақ ол басқа сервистерден де ақпарат жинап отырады. Теориялық тұрғыда ол тек қандай сайттарға кіретініңіз туралы ғана емес, не сатып алатыныңызды, қандай қоғамдық орындарда суретке түсетініңізді және болжамды түрде табысыңыздың көлемін де анықтай алады.

Фейсбуктің тіпті зерттеу бөлімдері де бар. Ол ірі ақпарат көлемімен жұмыс істеп, тіл ерекшеліктерін, қолданушының құрылғымен және ақпаратпен байланысын және виртуалды шындықты зерттейді. Фейсбук сізді жақындарыңызға қарағанда көбірек білуі мүмкін. Ол ақпаратты пайдалана отырып, ресурстар сервистерін дамытады, тұтынушылар көлемін арттырып, жарнама нәтижесін жоғарылатады.

ОЛ АҚПАРАТ АРҚЫЛЫ АДАМНЫҢ ЖЕКЕ ТҰЛҒАСЫН АНЫҚТАУҒА БОЛА МА?

Әдетте болмайды. Ақпарат  тек сандық түрде болады. Мысалы, сіз туралы ақпаратты сараптама жүйесі «001 қолданушы Гугл жүйесі арқылы example.com сайтына» кірді деп шығарады.

Дегенмен Гугл және басқа әлеуметтік желілер өздерінің саясатында қолданушылардың жеке мәліметтерін үшінші тұлғаларға заңды негіз бойынша ұсына алады деген ереже бар. Мысалы, құқық қорғау органдары сұраса.

КОМПАНИЯЛАР СІЗДІҢ ЖЕКЕ МӘЛІМЕТТЕРІҢІЗДІ ҚАНШАЛЫҚТЫ ҰЗАҚ САҚТАЙ АЛАДЫ?

Барлық компаниялар бұл сұрақтарға жауап бермейді. Тіпті кей жағдайда олардың нақты нені сақтайтындарын да білмейміз. Мысалы, 2017 жылдың қыркүйегінде ерекше жағдай болды. Француз журналисті Юдит Дюпорталь Тиндер танысу сервисіне хат жолдап, өзінің аккаунты туралы барлық ақпаратты жіберуін сұрайды. Жауап ретінде 4 жыл ішінде оған ұнаған ер адамдар, фейсбуктегі лүпілдер, инстаграмдағы фотолары, аккаунтына кірген уақыты, хабарламалар мәтіні жазылған 800 беттік хат келген. Сақталған ақпараттың барлығын заңсыз деп те айта алмайсыз, тіркелген кезде ол сервисті қолданудың барлық шарттарымен келіскен.

ИНТЕРНЕТТЕ МЕН ТУРАЛЫ КӨП АҚПАРАТ БОЛМАҒАНЫН ҚАЛАЙМЫН. НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Сіз қолданатын кез-келген сервистің пайдалану шарты мен құпиялылық саясатын қараңыз. Мысалы, фейсбукте жеке мәліметтер саясаты барлық сервистері мен өнімдеріне де жарайды деп жазылған, сондай-ақ ол ақпаратты сервисті жақсарту үшін де пайдаланады. Яғни фейсбук сіз үшін жаңалықтар лентасын құрастырғанда инстаграмдағ ақпараттарыңызды пайдалануы мүмкін. Геолокацияңыз бен лүпілдеріңізді, достарыңыздың жазбаларын да ескереді. Осыған байланысты сіз үшін қызықты деген лентаны құрастырып, жарнамалық өнімдерін ұсынады. Егер бұл сізге ұнамаса өзге әлеуметтік желілерге тіркелмей, қандай жазба шығаратыныңызға абай болыңыз.

Әсіресе, түрлі психологиялық, сауықтық тестерге мән беру керек. Оларды мүлдем басқа компаниялар құрастырады, демек өзіңіз туралы мәліметтерді  бейтаныс компанияға ұсынып отырсыз деген сөз. Фейсбуктің жеке мәліметтер туралы саясаты ол компанияларға жүрмейді.

Сіз туралы қандай ақпарат жинайтындығына зер салып, жіті бақылап жүріңіз. Сіз үшін қауіпті деп көрінген мәліметтерді өшіріп тастаңыз. Мысалы, Гугл  өзінде тіркелген аккаунттарда жеке мәліметтерді өшіру мүмкіндігін ұсынады.