Фото: Ақәділ Рысмахан

Тараз. 77news — Тұрмыстық тірлікте таршылық, қаржыдан қымтарлық көретін қараша үнемі қоғамның назарында болуы тиіс. Әсіресе бұқараның базынасын арқаға жүк қылған биліктің мінберінде. Aймақ басшысы дәл осы көбі көрмес, елемес жағдайды назарға алды. Әлеуметтік нысандарға ат басын тіреді, — деп хабарлайды 77news.kz AA тілшісі.

Асқар Исабекұлы әуелі «Үміт» арнайы балалар үйіне барды. Көздері жәутең қағып, қарашадан жылулық іздеген өрендермен тілдесті. Тілектерін тыңдады. Тіпті, тұрмыстық жағдайларына да дейін үңілді. Кенет асханаға кірген аймақ басшысы балалардың ішер асы жетіспейтіндігін аңғарып, лезде басшылығына сауал жолдады. Ал, мекеменің мардымсыз жауабына көңілі толмаған әкім міндеттілердің жұмысын қатаң сынға алды. Тапсырма жүктеп, тазалыққа ден қою керектігі айтылды.

Мұнан соң, әулиеата әкімі  облыстық жасөспірімдер үйіне, №1 «Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының және Қ.Сарымолдаев атындағы балалар үйінің  жұмысын барлады. Мұндағы күрмеуі қиын мәселелер бар. Мәселен, №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында сырқаттанған қарттарға  берер дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі көңілді құлазытады. Сондай-ақ, орталықтан қызмет алушылар инво-таксидің қажеттілігін өтінді.  Ал,  Сарымолдаев атындағы балалар үйінің  өрендері болса,  монша салып беруін сұранды.

Енді талап-тілекке тізгін ұстаған әкім тапсырмаларды жүктеп, қаражат қаралымына жіберетінін білдірді. Осылайша  балалар, қарттар және жасөспірімдер үйінің бір сәттік тұрмысын көзбен көрген аймақ басшысы жүйелі тексерістің әрмен қарай да болатынын тілге тиек етті. Бұл тек тексеріс кезде етек-жеңін жинап, әншеуінде жамбастап жатып алатын кей басшылардың әрекетіне тоқсауыл болмақ. Мейірімге мұқтаж балалардың базынасын тыңдалып, олардың қоғамға қажеттігі ұғындырылды.