Тараз. 77news — Қордай ауданына жұмыс барысымен облыс әкімінің бас инспекторы Қайрат Исмаил Қақпатас ауылында болып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Еркін форматта өткен жиында ауыл жұрты өздерінің мазалаған сұрақтарын қойып тұшымды жауабын алды, — деп хабарлайды 77news.kz AA тілшісі.

Ең алдымен ауыл әкімі Серікбай Естаев ауыл тұрғындарымен келген қонақты таныстырып өтті. Бас инспектор мұнда өзі тікелей облыс басшысының тапсырмасымен келгенін айтып, әуелі Елбасының жолдауы жайында сөз қозғады. Сұрақ жауап кезеңінде жергілікті халық алдымен жол мәселесін көтерді. Бұл мәселе қомақты қаржы арқылы шешімін табатынын тілге тиек еткен бас инспектор облыс басшылығына жеткізетінін айтты.

Сондай-ақ, өз кәсібін жүргізгісі келетін тұрғындар жоқ емес екен. Бұған Қайрат Исмаил қазіргі таңда өз кәсібін дөңгелетін жан үшін жағдайдың барлығы жасалған деп толыктай жауап беріп өтті. Сонымен қатар, барлық жергілікті жерлерде ауыз су мәселесі екі жыл ішінде шешімімен табатынын және бұл облыс әкімінің тапсырмасы екенін тілге тиек етті. Мұнымен қатар, ауыл жұрты арасында өз жеке мәселесімен келгендері де болды. Олар көкейінде жүрген сұрақтарын қойып тиісті жауаптарын алды. Арнайы тапсырмамен келген бас инспекторға ауыл халқы алғысын айтып, мәселелер шешімін табатындарына сенетіндерін жеткізді.