Фото: Дәулетбай Нұрмахан

Тараз. 77news — Жарнамасын заңсыз ілген, яки орналастырған агенттіктер енді жауапқа тартылуы мүмкін. Заңбұзушылықтарға жол бергендері тіпті салық төлейтін болады. Өйткені, қала көшелерінде шаһар көркін бұзатын жабайы жарнамалар қаптаған.  Бұл мәселе бұған дейін де өңір басшысының сын тезіне іліккен еді. Осыған байланысты облыс әкімі олқылықтарға жол берген  жауаптылардың басын жиды, — деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Жамбылдағы жарнама агенттіктеріне талаптар күшейе түспек. Өйткені, орынсыз орналастырылған билбордтар мен тақтайшалар  көне шаһардың шырайын құртып тұр. Ал, жиынға келген жауаптылар жарнамалық тақтайшалар жақын арады бірқалыпқа  түсетін болады дейді. Қазір біріздендіру бойынша бірнеше үлгілері де ұсынылыпты.  Мамандар мақұлдаса болғаны жаңартылған түрлері дереу ілінбек. Ал, кездесуде сөз алған өңір басшысы, «қалтаның қамынан бұрын, шаһардың көркін ойлау керектігін» баса айтты. Сондай-ақ, қатесінен көз сүрінетін жабайы жарнаманы ілгендерге салық салынуы тиіс деп, қысқа қайырды.

Күн тәртібіне қойылған мәселелер қаралғаннан кейін, Асқар Исабекұлына «Жеңіс» саябағында ашылатын ескерткіштердің үлгілері таныстырылды. Алайда, аймақ басшысы мүсіншілердің тың туындыларында жаңашылдық жоқтығын жеткізді. Сондай-ақ, келер жылы 9 мамырда ашылатын «Даңқ залының» құрылысына да аса жауапкершілікпен қарау керектігін де ерекше атап өтті.  Жоба бойынша орталықтың бірінші қабатында әкімшілік кеңселер орналасса,  екінші қабатында «Бауыржантану» ғылыми зерттеу орталығы болады деп күтілуде.

Фото: Дәулетбай Нұрмахан

Тараз 2000  жылдық тарихы бар көне қала. Сондықтан келуші қонақтар мен қала халқы үшін керемет әсер қалдыратын шырайлы шаһарға айналуы тиіс. Бұдан бөлек, туризмның тұғырын тіктейміз деп жүргенде жабайы жарнамалардың жайқалып тұруы туристердің теріс пікірін туғызуы да бек мүмкін. Енді жауаптылар жұмысын жүйелесе, осы жарты жылдыққа жаңарып үлгерген Жамбыл облысы одан әрмен әрлеу ісі жалғасын таппақ.