Фото: Марат Таубаев

Тараз. 77news — Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметов Т.Рысқұлов және Байзақ аудандарындағы масақты дәнді дақылдарды жинау, сондай-ақ жазғы дала жұмыстарының іске асу барысымен танысты, — деп хабарлайды 77news.kz AA тілшісі Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ең алдымен Асқар Исабекұлы іс-сапарды Т.Рысқұлов ауданы, Өрнек ауылдық округіне қарасты Сұмқайты елді мекеніндегі «Шаушен» шаруа қожалығының тұқым шаруашылығындағы жоғарғы репродукциялы күздік бидай алқабының ору жұмыстарымен танысудан бастады. Айта кету керек, «Шаушен» шаруа қожалығы 1996 жылы құрылған. Негізгі бағыты асыл тұқымды мал шаруашылығын және егін шаруашылығын дамытумен айналысады. Жалпы жер көлемі 26 мыңнан аса гектарды құраса, оның 11 мың гектарға жуығы егістік жер. Биылғы жылы ораққа түсетін күздік бидай 4 мың гектар болса, ораққа түсетін жаздық бидай 4 мың гектарға жуық. Жалпы, 22 дана трактормен, 12 дана жүк көлігімен, 9 дана комбайн сынды техникалармен жарақталған «Шаушен» шаруа қожалығында 175 адам жұмыспен қамтылған, жалақылары орташа 120 мыңды құрайды. Бүгінгі күні шаруашылық иелігіндегі мал саны 52 мың бас қойдан және 2620 бас жылқыдан тұрады.

Фото: Марат Таубаев

Өз кезегінде шаруақожалық басшылығы Асқар Исабекұлынан ет өндіретін база соғуға жақын маңнан жер қарастыруға ықпал етсеңіз деген өтінішін білдірді. Тарқатып айтсақ, бүгінгі таңда ет қабылдайтын комбинаттар сойылған малдың бас сүйегін, терісін, ішек-қарнын алуда құлықсыздық танытып келуде. Осы орайда, бұл құлықсыздық шаруасын дөңгелетіп отырған «Шәушен» сынды шаруа қожалықтарға кедергісін келтіруде. Аймақ басшысы ауылшаруашылығы бойынша салалық орынбасары мен басқарма басшысына таяу арада жер қарастырып, сойылған малды толығымен кәдеге жарату үшін комбинат соғудың тиімді жолдарын табуды тапсырды. Сонымен қатар, облыстағы ет экспорты жұмысын одан әрі дамыту үшін етті уақытша сақтау базасы мен ет мұздататын камераларды жаңарту қажеттігін қадап айтты.

Ал Т.Рысқұлов ауданына келер болсақ, биылғы жылы ораққа түсетін 86 мыңға жуық гектар масақты дақылдың 36 мың гектары күздік бидай, 3 мың гектары жаздық бидай, 47 мың гектары жаздық арпа. Сондай-ақ, масақты дақылдың орағы аяқталғаннан кейін 17 мың гектарға жуық мақсары дақылы ораққа түсетін болады. Қазіргі уақытта ауданда «Ақбұлақ», «Нұрдәулет», «Раушанбектегі», «Құлбарақ», «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-гі секілді шаруа қожалықтар еген орағы жұмыстарын бастады. Ал бүгінгі таңда 10 мың гектар орылып, орташа өнімділік 23-24 центнерден асты. Жалпы, ауданда қазіргі уақытта 77 егін орағы комбайны жұмыс атқаруда. Мұнан өзге егін орағына әртүрлі маркадағы 80 доңғалақты тракторлар, 170 дана автокөліктер, 42 дана су таситын көліктер қатысатын болады. Өз кезегінде ауданда егін орағын 393 шаруашылық жүргізеді деп күтіліп, 25-28 күнде аяқау межеленіп отыр.

Аймақ басшысы ат басын бұрған келесі нысан Байзақ ауданы, Суханбай ауылдық округіндегі «Талап» шаруа қожалығы болды. Қожалық 1996 жылы құрылған, ондағы жұмыс істейтін адамдар саны 30-ды құрайды. Ал айлық жалақылары, орташа — 70 — 75 мың теңге. Жалпы жер көлемі 1500 гектарға жуық болса, оның ішінде 700 гектары егістік жерге тиесілі. Ауыл шаруашылық техникалары 33 дана.

Сапар соңын Асқар Мырзахметов Бурыл ауылдық округіндегі «Яшар» шаруа қожалығының жұмысын көрумен тәмәмдады. Айта кетерлігі, «Яшар» шаруа қожалығы 1997 жылы құрылып, қазір мұнда 25 жұмысшы нәпақасын табуда. Сәйкесінше жер көлемі 94 гектарды құраса, ондағы жұмысшылардың айлық жалақысы 70-75 мың теңге.

Аймақ басшысы аталмыш қожалыққа келгенде, шаруақожалық қожайындары облыс әкіміне өнімдерін тиімді сатудағы кедергілерді жеткізді. Қант зауыттары дихандардың еңбегін елемей, бағаны 8 теңгеге дейін түсірген. Бұл орайда Асқар Исабекұлы шаруақожалықтар бірігіп, қант шығаратын цех соғудың тиімді мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды.

Жалпы, Жамбыл облысында биылғы жылы дәнді-дақылдардың өсу көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5 пайызға артып отыр. Шамамен 260 мың гектар дәнді-дақыл егілсе, оның 150 мың гектары арпа, 100 мыңға жуығы күздік бидай. Бұл дақылдардың жоспарлы түсімі 23-25 центнерден күтілсе, қазіргі уақытта кей шаруашылықтардан 30-40 центнер алынуда. Жалпы, облыста дәнді-дақылдардың биылғы өнімділігі 750 мың тонна деп жоспарлануда. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 30 мың тоннаға жоғары болып есептелінуде.

Ал техникаға келер болсақ, облыста егін оруға, себу жұмыстарына, бидай тасуға, жалпы ауылшаруашылығы жұмыстарына 2800-ге жуық техника тарылады.