Фото: Әділбек Самаликов

Тараз. 77news  —  Өткен демалыс күндері Тараз қоқыс құрсауында қалды. Үйлердің іргесіне үйілген тұрмыстық қалдықтардан көз сүрініп, иісі қолқаны қапты. Бұрын-соңды күнделікті шығарылатын қоқыстың бірнеше күн бойы неге тазаланбағанын тұрғындар түсінбей даурықты, — деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Бұл 11-і мөлтек ауданы. Мұнда аузы-мұрнынан шығып шашылып жатқан қоқыс контейнерлері бірден көзге ілігеді. Есігінің алды осындай бейберекетсіз күйге түскеніне тұрғындар ашулы. Тұрмыстық қалдықтардың көптігі соншалық, қоқыс қасына жақындау мүмкін емес. Ал қараша қоқыс көлігін күтуден жалыққан.

Фото: Әділбек Самаликов

Осылайша демалыс күндері тазартылмаған қоқыс тау боп үйіліп қалған. Балаларына алаңдаған бұқараның базынасы да осы. Онсыз да балақайларға арналған ойын алаңшасы жоқ. Ол аз болғандай, енді тұрмыстық қалдықтар арасында ойнауға мәжбүр, — дейді. Ал, жауапты мамандар мұндай мәселе туындағанын жасырмады. Белгілі болғандай тазалық жұмыстары мен «Жасыл ел — Тараз» серіктестігі айналысады екен.

Райхан Асатова, «Жасыл ел — Тараз» ЖШС техникалық бақылау маманы

«Бізде әр нысанға бекітілген көлік бар. Тұрғындарға Көліктердің ескілігіне қарамастан, тыңғылықты жұмыс істеуге тырысамыз. Техника болған соң бұзылады. Бізге өте қиын. Кеткен кемшілігіміз үшін тұрғындардан кешірім сұраймыз»

Негізі тұрмыстық қалдықтар күнделікті шығарылып отырылуы тиіс. Жауаптылар жексенбідегі жұмыстың тоқтауын жанар-жағармайдың жоқтығынан деп отыр. Қала бойынша әр бағытта 15 техника таң алакеуімде жүріп өтуі бекітілген. Алайда, демалыс күндері бірде-біреуі жұмысқа шықпаған. Әйтеуір, қыс түссе қардан, жаз шықса қоқыстан құтылу қиын бізге. Жылда қайталанатын құбылыс. Жауаптыларға өткеннен сабақ алудың сәті болмай жүр. Жалпы қаланың тазалығын толыққанды бақылауға алу үшін бас-аяғы 48 бірлік техника қажет екен. Біздегі бары 15 бірлік қана. Сондықтан бәрі де болуы мүмкін. Айта кетейік, қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары да арнайы тексеріс жұмыстарын жүргізгені жөн болар еді. Өйткені, мұнда санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылғаны айдан анық.

Рахат КҮЗБЕРГЕН