Елімізде отбасылық өмір мен өнер жолын қатар алып жүрген нәзік жандыларымыз аз емес. Соның бірі – ҚР Мәдени қайраткері, мемлекеттік сыйлықтың иегері Салықова Нұрсипа. 77news тілшілері «77TV» арнасындағы «Кешкі позитив» хабарының аясында актрисадан арнайы сұхбат алған еді.

— Сізді Зере апаның ролі арқылы жақсы танимыз. Сол арқылы жылы жүзді қазақ әжесінің бейнесін қалыптастырдыңыз? Бұл ролге қалай келдіңіз?

— Алматыда «Қазақфильмде» арнайы кастинг болып жатқанын естіп, шақыртумен сол жерге бардым. Мені қазақша киімге киіндіріп қойдым. Режиссері Досхан апа көзіңіз ауыра ма деп те сұрап алды да, жарқыратып прожерді қойып қойды. Құнанбайды Омбыға айдап әкететін жерін ойнауымыз керек болды. «Екі жағыңызда екі келініңіз отыр. Ауылда үш бейбақ қалдыңыз, ендігі иесі сізсіз» деп эпизодты түсіндіріп отырды. Бір жағымда Күнке мен бір жағымда Ұлжан екеуін құшақтап отырдым да, ақырын ғана күрсіндім. Режиссер тек оны ғана емес Зеренің тарихын, өмір жолын айтып отырғанда көзімнен жас ағып отырған екен. Оны өзім де байқамаппын. Кастинг біткен соң «сізден басқа да апаларды шақырамыз, егер өтсеңіз хабар береміз» деді. Кетіп бара жатқанда атқа мінетімді де ескертті. Осыдан кейін сәуір, мамыр екі ай өтті. Ішімнен «облыстық театрдың зейнеттегі кемпірін қайтсін» деп ойлап қоямын. Алматыдағы халық әртістерінен аспайтын шығар деп қоя салғанмын. Бірақ маусымның ортасында бір қыз хабарласып, Зеренің роліне сізді ұйғарды деді. 11 шілдеде Семейде болыңыз, 12-де түсірілім басталады деп ескертті.

— Түсірілім барысы қиын болған жоқ па? Қызық оқиғаларыңызбен бөлісе отырсаңыз.

— Түсірілім таңертең сағат 9-дан түнгі он жарымға дейін жалғасты. 3 атқа ауысып міндім. Бірінші ат үркек болды. Әлденәрсе шылдыр етсе, селк ете қалатын. Екінші аттың аздап ер-тоқымы жайсыздау екен, бірақ отыруға болады. Мен кейде микрофон таққанын ұмытып, бар даусыммен айқайлай беремін. Құнанбайды ұстап әкетіп бара жатқаны ерекше әсерлі эпиоздтардың бірі еді. Аттың үстінде отырып «Қарағым, қандай жазығың бар» деп айқайлаймын. Құнанбай маған «Апа еш жазығым жоқ, жаламен кетіп барамын» дегенде «Құдайдың алдында арың таза екен қарағым. Қайда жүрсең де аман бол» деп қала беремін. Сол көріністің әсерлілігі, айтып алып мен де жылап жүрмін, басқалар да жылап жүр. Тіпті жанымдағы қыздарға айтамын «Тауға жіберіңдерші мені, барып айқайлап-айқайлап жылап келейін деп». Сенсеңіздер, көрініс біткен соң тіпті сөйлей алмай қалдым. Аузым кеуіп кетті тіпті. Сондай қызықтармен жүріп киноны да бітірдік, көрермендер де жақсы қабылдады. Аяғы лауреатпен  тындық қой, әйтеуір.

— Киноға дайындық барысында Зере әжеміздің өмірі туралы да өзіңіз қарап көрген шығарсыз…

— Әрине, кастингтен өткен соң Зеренің өмірі, кітаптағы бейнесі туралы да ойланғанмын. «Абай жолын» оқып отырып Зере туралы аса көп мағұлмат таба алмадым. Киносы шыққаннан кейін барып қана әркім әр жерде жазып жатыр.Зеренің шыққан жері Жаңаөзен деген ауыл, сол жақтың қызы деп. Дегенмен ол кісі өте әділетті, барлығын бала-шағасына қас-қабағымен, көзімен ғана ұғындырып отырған. Абайды ауылға келгенде қасына алып жатып Шөже ақындардың өлеңдерін үйретіп, жаттатқан.Абайға ең негізгі тәрбиені берген де осы — Зере.

— Осыған дейін Абай жолы арқылы Құнанбайдың біржақты, бай-феодал, қатал әке бейнесі қалыптасқан еді. Көркем фильмнен кейінгі ой басқаша болды? Жалпы Құнанбайдың шынайы бейнесін анықтап айтуға бола ма?

— Құнабай өзі әкесі Өскенбайға еріп жүріп 15 жасынан бері әкесінің қасында жүріп ел билігіне араласқан екен. Құнанбайды Мұқаң«Абай жолы» шығармасында өте қатал қылып көрсетеді. Бірақ өмірде ол кісі басқа болған. Әділеттік іздесең Құнанбайға бар дейді екен ауылдағылар. Кейін ел ісіне арласқан соң ол кісі қай мәселені болса да әділеттілікпен шешіп берген. Зере өзі көп құрсақ көтермеген,үш-ақ ұрпақ көтерген. Оның бірі жастайынан шетінеп кетеді де бір ұлы,бір қызы қалады. Сол Құнанбайды ертіп, Кеңгірбайдың батасын алуға барады. Құнанбайдың кішкентай кезі болса керек,сөйтсе жаңағы Кеңгірбай бата бермейді бұл кісіге.Үшінші рет келгенінде де теріс батасын береді. Қазақта теріс бата алу — қарғыстың ең жаманы.Қозы-көрпеште Күнікейлер қарғайды ғой Қодарды, міне сол сияқты.Сонда Зере баласын алып үйден жылап шығады.. Содан кейін бәйбішесі келіп  «Оу, ақсақал мұныңыз не?Келініңіз жылап бара жатыр. Неге оң батаңды бермедің?»- дейді. лСонда Кеңгірбай «қарашы артында кімдер етіп бара жатыр екен?» дейді. Кеңгірбайдың айтуымен бәйбішесі тысқа шығып артынан қарап тұрады. Ішке кірген бәйбішесі «Зеренің артынан ит пе, қасқыр ма айыра алмадым екі бөрі еріп барады» дейді. «Мен үш жыл  өз ұрпағымнан тым құрғанда бір адам келіп бата сұрай ма деп күтіп едім. Бірақ ешкім келіп сұрамады. Өз балаларыма да бір нәрсе қалу керек қой» дейді бәйбішесіне. Ауылға келгеннен кейін Зере барлық мән-жайды Өскенбайға айтқан кезде ол мал сойып, той жасайды.»Ол кісінің теріс бата бергенінің өзі біз үшін абырой.Соның өзіне де  рахмет» деген екен. Біз де сьемкадан бос уақытымызда Кеңгірбайдың да,Құнанбайдың да басына барып құран оқыттық.Досхан Құнанбайға мал сойып құдайы таратты, бәйге берді. Осыған дейін Құнанбайдың әруағына арнап ас берілмеген, Абай да үлгермепті.

— Ал Абай атамыздың шығармашылығын қаншалықты жиі парақтап отырасыз?

— Абайдың барлық дерлік шығармаларын оқып шықтым.Өкініштісі бізден кейінгі жастар «Абай жолын» аз оқыған. Өзім «Абай жолын» төрт рет оқып шыққанмын. Кеңестік заманда жазылған кітап қой бұл. Мұқаңның өзі қуғында көп болған жазушы ғой.

— Апа енді бүгінде өзіңіздің неше-ұл қызыңыз ба? Қанша немере-шөбере бағып отырсыз?

— Балам, оны айтпайды. Алланың берген перзенттері ғой енді. Немерелерім де бар.Кішкентай шөберем бар. Тағы да шөберелі болдым жақында.

— Абай жолын да оқытқан боларсыз?

— Бір немерем орысша оқыды, оған орысшасын оқыттым. Отан отбасынан басталады дегендей үйдің өзі бір шағын мемлекет қой.Оның президенті бар, хатшысы мен премьер-министрі де бар. Солардың бәрі бірауызды болуы керек.Үйде тыныштық болса бала да жақсы болып өседі.

— Нұрсипа апай, енді бүгінгі студиямызға келіп,ой бөлісіп,бізге кинодағы қызықты сәттеріңізбен бөліскеніңізге үлкен алғысымызды білдіреміз!

— Рахмет!