ТАРАЗ. 77NEWS — Әйгілі мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенмен қоштасу рәсіміне Лос-Анджелестен арнайы белгілі қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин де келді, деп хабарлайды 77news.kz АА «Ұлт ақпаратқа» сілтеме жасап.

Геннадий Головкин осы шара үшін Сауль Альвареспен болатын кездесуіне дайындықты тастап шыққан.

Айта кетейік, бүгін Алматы мен Астана халқы Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салды. Қылмыскер пышағынан ажал құшқан өнерлі жігітпен қоштасуға Алматы мен Астанадағы қаралы жиындарға мыңдаған адам жиналды.

Денис Тенмен қоштасу рәсімі өткен Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы мен Астанадағы «Барыс-Арена» спорт кешеніне сенбі күні келген адамдардың қарасы көп болды. Жиналғандардың арасында Қазақстанның спорт, мәдениет және өнер қайраткерлері, марқұмның дос-жарандары, ресми тұлғалар, БАҚ өкілдері мен қарапайым адамдар бар.