Жақында ғана отандық киноөндіріс қалың көрерменнің назарына тағы бір туындыны ұсынды.  Қайрат Нұртас пен жары Жұлдыз Әбдікәрімованың басты ролде ойнауымен жарыққа шыққан «Арман» фильмі отандық кинотеатрларда көрсетіліп жатыр. 77news тілшілері «77TV» арнасындағы «Кешкі позитив» хабарының аясында «Арман» фильмінің актеры Елжас Рахимбеков және Тараздағы «Астана парк» кинотеатрының жанына ашылған кино мектебінің директоры дәурен Қамшыбаевтан сұхбат алған еді.

— Қайырлы кеш! Біздің арнамызға қонақ болғандарыңызға алғыс айтамыз. Алғашқы сұрақ Елжас өзіңізге. «Арман» фильмінің түсірілім алаңына қалай тап болдыңыз?

-Осы жылдың наурыз айында «Қазақфильм» киностудиясынан хабарласып кастингке шақырту алдым. Сол жаққа барған кезде маған бір көріністен үзінді берді. 10 минуттай дайындалып жаңағы көріністі ойнаттым, сонан соң қайтадан шақыртты.

— Жалпы киноға деген жолыңыз қалай басталды?Арнайы білім алдыңыз ба?

-Иә, Алматыда Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының драма курсын орыс тілінде аяқтағанмын. Одан кейін Америкаға барып 5 жыл сонда болдым. Елге оралғаныма бір жылдам астам уақыт болып қалды.

-Демек, бұл сіздің алғашқы рөліңіз?

— Жоқ, бұл фильмге дейін біршама рөлдерім болған. Бірақ олар кішкене назардан тыс қалып жүрді. Себебі Қазақстанда түсірілмегендіктен шығар деп ойлаймын.

— Енді осы фильмдегі кейіпкеріңіз жайлы айта кетсеңіз. 

— Кейіпкерім жайлы не айтуға болады.? Ашкөз, қатыгез, мінезі өте ауыр. Жанына қажеттінің бәрі бар, қалталы, байлыққа әбден есірген, ойына келгенін жасауға ешкім бөгет бола алмайды. Оның өмірі сондай. Өкінішке орай қазіргі таңда біздің қоғамызда осындай жандар аз емес. Біз оларды «мажор» деп атаймыз. Мен оларды халықты қанаушылар деп айтар едім.

— Түсірілім қалай өтті, түсіру барысында қандай қызықтар болды?

— Шын мәнінде аса қиын ештеңесі де жоқ. Ауа-райының келеңсіздігіне байланысты кей-кездері қосымша түсірілім болды. Жалпы барлығы да еш қиындықсыз, керемет өтті. Түсірілім тобы да өте жақсы. Жағдайымыз да жасалып отырды, сол үшін де ұйымдастырушыларға арнайы рахметімді айтқым келеді. Киноға түскен кездегі сәттерім есімде қалатынына күмәнім жоқ.

— Баршамыз Қайрат Нұртасты тек әншілік қырынан танимыз. Актерлік шеберлік жағынан қандай баға бере аласыз?

— Актер ретінде қарқыны жаман емес. Өз міндетін тамаша орындай білді. Десе де музыкант болғандықтан әншілігі басым емес пе? Сонда да Қайрат өз бойында актерлік таланты да бар екендігін дәлелдеді. Ол өзінің тек әнші ғана емес, актер да бола алатындығын көрсетті.

— Киноға түсуіңізге не себепкер болды: сценарий ұнады ма, жоқ әлде өзіңіз қаладыңыз ба?

— Сценарий желісі ұнады. Оқыған соң қызығушылығым оянып, ойнатып көргім келді. Сценарийді аздап өзгерттік. Фильм ауыр болса да, халықтың реакциясына қарап тәуір түсірілген кино деп айта аламын.

— Жақсы, енді Елжас өзіңіз жоспарларыңызбен бөліссеңіз.
-Жақында, 2-3 күн бұрын кезекті бір фильмге шақырту алдым. Қай режиссердің фильмі екендігін айтпай-ақ қояйын. Ер адам үшін ең бастысы өмірден орнын тауып, адал жолмен жүріп-тұрып, өз арманына қарай қадам басу. Әрі осының бәрін барынша сапалы жасай білу. Өзім қалап таңдаған өнерге қолымнан келгенше үлесімді қосу.Алдағы уақытта да мақсатым осындай болып қалмақ.

— Дәурен, ендігі сұрақты өзіңізге қойсам. Жақында ғана «Астана парк» кинотеатрында кино мектебі ашылды. Сол жайында толығырақ айта кетсеңіз.

-Бізге осы кино мектебін ашу туралы керемет ой келді. Талантты жасөспірімдерді тәрбиелеп, өз армандарына қол жеткізу үшін жағдай жасап, оларды кино әлемінің бір мүшесі еткіміз келді. Жанымда отырған Елжас досым бұл ұсынысымды ұнатып, өзінің қолдауын білдірді.

— Мектеп тек біздің Тараз қаласында ғана ашылды ма? Алдағы уақытты басқа обылыстардан да ашу ойларыңызда бар ма?

-Иә, әзірге осы Тараздан аштық. Әрине басқа да обылыстардан ашып, қаншама дарынды жастарымызға өздерін танытатын, көрсете алатын мүмкіндік берсем деген арманым да жоқ. Әрі қарай да дами берсем деген жоспарым, мақсатым бар.

— Алдағы жоспарларыңыз жайлы айта кетсеңіз?
— Жуық арада 2-3 айдың көлемінде алғашқы шәкірттерімді жарыққа шығарсам деймін. Қалай жұмыс жасайтындарын көргім келеді. Біз балаларды әлі де толықтай танып біткен жоқпыз. Олардың шама-шарқын, неше уақытта үйреніп кете алатындығын, берілген уақыт аралығында тапсырманы орындап біте алады ма соның бәрін тексерін көргім келеді. Шебер тұлға дайындап шығарып, олар шыңдалып болған кезде тағы басқа балаларды тәрбиелегім келеді.