ТАРАЗ.77NEWS — Тараз қаласында елорданың мәдени күндері өтіп жатыр. Бұл жоба Астананың 20 жылдығына орайластырылған. Екі күн ішінде қала тұрғындары мен қонақтары «Ақ тілекпен, Астана» атты көрмені, гала концерт пен театр өнерпаздарының қойылымдарын тамашалады, — деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агентігінің тілшісі.

Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филормониясы Астананның 20 жылдығына орай «Астанадан ақ тілек» атты концерттік бағдарламасын ұсынды.Концертке  Астана қаласы филормониясының «Шалқыма» халық би ансамбілі, эстрада би ансамбілі, дәстүрлі халық ән бөлімінің өнерпаздары, классикалық және эстрадалық вокал бөлімінің әншілері қатысты.

Жамбыл жұртының назарына ұсынған көрмеде Тәуелсіздік сарайы қорынан қазақстандық 50 суретшінің 100 үздік туындысы қойылған. Қылқалам шеберлері, қазақ халқының сан ғасырлық тарихы мен мәдениетін шебер бейнелесе, тағы бір бөлігі абстракция және модерн тұрғысынан өз ойларын жеткізе білген.

Сонымен қатар, елорданың мәдени күндері аясында М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры Тараз қаласына арнайы гастрольдік сапармен келді. Сапар барысында Кен Людвигтің «Примадонны» комедиясы  сахналанды.

Айта кетейік, игі шара бүгін де жалғасын таппақ. «Баласағұн» орталық концерт залында кешкі сағат 19.00 де «Елордадан елге сәлем» атты өнерпаздар концертін тамашаласа, театр сүйер қауым Александро Касонның «Дикарь.Третье слово» мелодрамасын көре алады.