Тараз.77NEWS — Таразды тотыдай түрлендіру жобасын жүзеге асыруда оның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін назардан тыс қалдыруға болмайды. Қала аумағы жыл санап қарқынды өсіп келе жатқанымен құрылысы саласы әлі де ақсап тұр. Жоспарланған межені еңсеруде жолаушылар тасымалы, инфрақұрылым салаларына да тың серпін қажет-ақ. Екі жұма бойы барлық ауданды аралап, ондағы жұмыстың барысымен танысып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеген облыс әкімі Асқар Мырзахметов Тараз қаласының актив жиынында шаһардағы қым-қуыт тіршіліктің тұралауына себеп болған жайттарға жеке жеке тоқталды-, деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агентігі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Салалық басқарма басшыларының назарына алғаш іліккен өзекті мәселе Тараздағы тұрғын үйлерді пайдалануға беру жайы болды. Нәсібін қарбаласқа толы қала тіршілігінің бел ортасынан табуға ниет білдіргендерді баспанамен қамтудағы меженің орындалу көрсеткіші әзірге 84 пайыз. Облыс орталығында қоныс тойы 3 тоқсаннан бастап көбейеді. Осылайша баспанамен қамтуға ағымдағы жылға берілген жоспар толық орындалады.

Алайда, қаладағы құрылыс саласының кенжелеуіне 8 проблемалық жоба әсер етіп отыр. Тіпті мұндағы 4 жоба 3 жыл бұрын қолға алынғанымен әлі күнге пайдаланылуға берілмеген. Бірінен соң бірі ауысатын қалалық құрылыс бөлімінің басшылары «сақалды құрылыс» мәселесін шешуге мойын бұра алмай келеді. Салада «сақалды құрылыстан» бөлек жабайы автотұрақтар, құрылысқа қажетті жерді жекеменшіктен қайтару мәселелері де өз деңгейінде шешілмей келеді. Қарбаласқа толы қала тіршілігінің бойына қан жүгіртетін қоғамдық көліктің жайы да мәз емес.

Ағымдағы жылы жаңартылуы керек болған автобус парктеріне жыл басынан бері небәрі 31 дана көлік құралы жеткізілген. Ағымдағы жылдың 3 тоқсанында тағы 32 дана жаңа автобус пайдаланылуға беріледі. Қызмет сапасын жақсарту мақсатында жүргізілген тексерулерден соң 3 бағыт бойынша қызмет көрсететін 2 компаниямен келісім шарт бұзылып, заң талаптарын көзге ілмеген көлік құралдарына қатысты 458 әкімшілік іс қаралды. Нәтижесінде жол жүру ережесіне жүрдім бардым қарағандардан 1,9 миллион теңге айыппұл өндірілген. 
Облыс орталығында ауыз сумен қамту ісі де өзектілігімен күнтәртібінен түспей келеді. Мәселенің ушығуына қалалық тұрғын үй, коммуналды шаруашылық бөлімінің өз міндеттемелеріне ат үсті қарауы себеп болып отыр. Өйткені, бөлім ауыз сумен қамту ісін өз құзіретіне кіретінінен хабарсыз. Сәйкесінше тиісті жұмыстарды өз деңгейінде ұйымдастырмай келеді. Сайып келгенде бұл қала тұрғындарының тіршілік нәрін тәулік бойы тұтынуына кедергі келтіруде. Сондай-ақ шаһардағы көп қабатты тұрғын үйлерді жаңғырту жұмыстарында жүйелілік жоқ. Есесіне Таразда тозығы жетіп,жөндеуді қажет ететін тұрғын үйлердің саны өскен. Осы орайда, жиын барысында өз жұмысына жауапкершілік таныта алмаған қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы қызметінен босату туралы шешім шығарылды.
Тараздың дәулетін сәулетіне сай етуге кәсіпкерліктің кең қанат жая алмауы да септігін тигізуде. Өйткені тиісті орындарға кәсіпкерлік мақсатта жер бөлу туралы өтінішпен қайырылғандардың саны небәрі 4 кәсіпкер ғана. Бұл орайда облыс әкімі кәсіпкерлерге жер беру жұмыстарын толық ақпараттандыруды тапсырды. Басқосуда мұнан өзге де салаға қатысты мәселелер қаралып, жауапты тұлғаларға жұмысты жүйелеу туралы тапсырмалар берілді. 
Құрметті достар! Жамбыл облысының әлеуметтік экономикалық дамуы бойынша алты айдың қортындысы Таразда түйінделді. Алдағы уақытта жұмыстарына атүсті қараған жауапты тұлғаларға шара қолданылатын болады.