Тараз. 6 қараша. 77news — Әр сенбі Тараздағы орталық алаңда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін ұйымдастыру жалғасуда. Бұл жердегі өнім құны базар бағасынан әлдеқайда арзан. Мәселен, мұндағы картоптың нарықтағы бағасы 120 теңгеден сатылса, жәрмеңкеге келушілер келісін 70 теңгеден алды, деп хабарлайды 77news тілшісі. 

Жәрмеңкеге жалпы құны 65 миллион теңге болатын 130 тонна өнім жеткізіліп, қараша айының соңына дейін жалғасады. Облыстық ауыл шаруашылық мамандарының мәлімдеуінше, бүгінге дейін облыстық тұрақтандыру қорынан 25 тонна картоп әкелініп, сатылған.

Сондай-ақ, осы жәрмеңкеде әкімшілік орталық құрылды. Енді, тұтынушылар таразының дәлдігі мен еттің сапасына айтар уәжі болса, ветеринарлық сапа құрылғысынан тексеруден өткізіп, арнайы таразыға өлшей алады. Әрі арыз-шағымдары да ескерусіз қалмайды. Жәрмеңкеде аудандағы өнімдер де сатылымға қойылып,  сауда-саттық түс ауғанша жалғасты.

Аталған шара алдағы уақытта  тек Таразда емес аудан орталықтарында да мықтап қолға алынады. Осылайша мамандар баға тұрақтылығын қамтамасыз етеміз деп отыр.