Тараз.77NEWS — «Киелі Қазақстан: Тараз-тарих айнасы». Осындай атаумен бүгін Тараз қаласында ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтіп жатыр. Конференцияға белгілі тарихшылар, археологтар, қоғам қайраткерлері мен ұлт зиялылары қатысуда,-деп хабарлайды 77news.kz. ақпарат агентігінің тілшісі

Іс-шара ұйымдастырушысы — Жамбыл облыстық әкімдігі ішкі саясат басқармасы. Рухани жаңғыру мақаласы аясындағы «Қазақстанның киелі географиясы» бағдарламасына Жамбыл облысынан барлығы 8 нысан енген болатын.

«Бүгінде рухани құндылықтардан гөрі материалдық құндылыққа басымдық беретін нарықтық заманда әркім киелі орындардың аңызын біліп, тарихына көз жүгірте отырып рухани қазына алып, рухани баю қажет. Ол үшін біз осы нысандарды жан-жақты насихаттауымыз қажет. Әркім өз аймағының ғана емес, өзге өңірлердің де киелі орындарын, қасиет тұтатын тұлғаларын білу қажет. Сонда ғана біртұтас елдік сана қалыптасады», -деді «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғали.

Идеологиялық саясатты дамыту мақсатында конференция тақырыбының да киелі жерлерге арналуы кездейсоқтық емес. 2000 жылдан астам тарихы бар Әулиеата жерінде әлі де насихаты аз, зерттеуді қажет ететін нысандар жетерлік. Бүгінгі конференцияда ғалымдар мен кәсіби мамандардың пікірін тыңдау арқылы Қазақстанның киелі жерлері картасын толықтыру жоспарда.
Конференция туралы материалдың толық нұсқасын 21.00-де «77TV» телеарнасының қорытынды жаңалықтарынан көре аласыздар.