Тараз. 7 қараша. 77news — Қазақ жазуын латын графикасына көшіруді көпшілікке жіті түсіндіру үшін Жамбыл облысында жыл соңына дейін 1 мыңнан астам түрлі іс-шара өткізіледі. Осы бағытта ғалымдар мен тіл жанашырлары өңірлерді аралап, маңызды мәселенің қажеттілігін түсіндіруге кірісті. Осы мақсатта «Достық» үйінде республикалық түсіндіру тобы мүшелерінің қатысуымен жиын өтті.

Келелі кездесуге филология ғалымдары, профессорлар мен жоғарғы оқу орындарының мамандары қатысты. Басқосу барысында қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесін халық арасында түсіндіру жұмыстары бойынша ортақ ойлар айтылды. Айта кетсек, латынға көшу көпшілік арасында бірауыздан қолдау тапты. Әйтсе де әліпбидің екінші нұсқасында дәйекшенің қолданылуы қоғамда қызу талқыға түсуде. Халық арасында «түсінуге, қабылдауға  қолайсыз, кейбір әріптер мүлдем басқаша белгіленеді», деген пікірлер бар. Ал, бұған мамандардың өз жауабы бар. Ғалымдардың айтуынша, халықтың қазақ тілі ғылымын дұрыс түсінбеуінен осындай пікір туындап, кириллицаға еліктеп, төл дыбыстарды жазу реформасы дұрыс жүргізілмеген. Сол үшін де қазір өңіріміздегі барлық аудандарда жаңа әліпби бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр.

Латын әліпбиіне көшу бойынша республикалық жұмысшы топ төрағасының  орынбасары Әлімхан Жүнісбековтың айтуынша, ендігі міндет — қабылданған қаріп бойынша мамандарға оқыту жұмыстарын жүргізу. Айта кетейік, жаңа әліпби 2022 жылы жалпы орта мектептерде 1 сыныптан бастап оқытылады.

Жиынның соңында алдағы уақытта атқарылуы керек жұмыстар нақтыланды. Әзірге бұл бағытта, 3 әлеуметтік жоба жүзеге  асырылса, өңірдің әр бөлігінде  400-ден аса кездесу ұйымдастырылған. Алдағы уақытта бұл жобалар жалғасын таппақ.