Тараз. 77news — 30 тамыз — Қазақстан Республикасының Конституциясы күні. Осы атаулы мерекеге орай Жамбыл облысы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен салтанатты жиын өтуде. Осыдан 23 жыл бұрын қабылданған Ата Заңымыз тәуелсіздігіміздің кепілі. Еліміздің экономикалық-саяси ерекшеліктеріне негізделген конституциямыздың орындалуымен еліміз өркендеп келеді, — деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Онда 130-дан астам этнос пен 17 діни конфессия өкілдері бейбіт ғұмыр кешіп жатқан бөлінбес елдің тұтастығы айқындалды.
Конституция ережелерін басшылыққа ала отырып, ұлы далада жаңа мемлекет, жаңа қоғам, жаңа экономика құрылды.
Еліміздің мемлекеттік тұғыры нығайды, басқару тетігі бір жүйеге келді.
Ата заң біздің барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың қайнар бастауына айналды.
Ол — бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің бұлжымас бағдары. Елбасымыз айтқандай, «Конституция – кемел келешегіміздің кепілі».
Сондықтан, бұл күннің маңызы биік, мәні бөлек, мәртебесі ерекше. Мерейлі мереке қарсаңында Жамбыл облысында да сан салада серпін бар.
Осы күнге жалпы өңірлік өнім көлемі 265,0 млрд.теңгені құрап, 8,4 пайызға өсті.
Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 106,9%-ды құрады.
Өнеркәсіп саласында өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 9,3%-ға өсім бар (223,5 млрд.теңге).

Өнеркәсіп саласындағы өсім тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемінің – 14,7%-ға (26,5 млрд.теңге), өңдеу өнеркәсібінде – 8,6%-ға (156,9 млрд.теңге) артуы есебінен қамтамасыз етілді.

Осындай көрсеткіштерді жіпке тізген облыс әкімінің орынбасары Е.Манжуов жамбылдықтарды құттықтады.

Салтанатты жиын К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын табуда.