Тараз. 77news — Тараздағы Бәйтерек мөлтек ауданында 1200 балаға арналған мектеп-лицей ашылды, — деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Білім ордасының құрылысы  «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізіліп отыр. Ғимарат құрылысының жобалық құны 1,8 млн теңгені құрайды. Жалпы аумағы 40 мың шаршы метрден асатын мектеп құрылысын қаладағы «Тараз Құрылыс Инвест» компаниясы жүргізген.

Асқар Мырзахметов, Жамбыл облысының әкімі:

«Өткен жылдың жетістіктерін біз дәстүрлі түрде кешегі тамыз конференциясында айттық. Тек қана жетістіктер емес, сондай-ақ, облысымыздағы білім саласында қандай проблемалар бар екені де айтылды. Бір сөзбен айтқанда, білім саласының маңыздылығы ескеріле отырып, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек жылдан-жылға ұлғайып келеді. Оны біз өз облысымыздан да көріп отырмыз. Биыл жаңа оқу жылында 9 мектеп пайдалануға беріліп отыр. Соның бірі бүгін сіз бен біз ашылуына қатысып отырған №3 мектеп-лицей. Білімнің мемлекет үшін, қоғам үшін маңыздылығын айтпаса да белгілі. Сондықтан бүгінгі білім күнінде сіздер мектеп қабырғасындағы әр күндеріңізді бос өткізбей, сапалы білім мен тәлім-тәрбие алуларыңызға шын жүректен тілектеспін. Әсіресе, бүгін бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндер үшін осыны тілейміз. Ұлағатты ұстаз, көрнекті ағартушы Ыбырай Алтынсариннің сөзімен айтқанда, осы жердегі тәлім-тәрбие мен білімді ықыласпен көңілдеріңізге тоқып, еліміздің үлкен азаматтары болуларыңызға біз тілектеспіз»

Айта кетейік, биыл Жамбыл облысы бойынша 26 мың бала мектеп есігін алғаш рет ашқалы отыр. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 25 мың шегінде болған

Сонымен қатар, мектеп жаңа модификациялы физика, химия, биология, лингафонды-мультимедиялық, компьютерлік кабинеттермен, кітапхана және 46 орынға арналған оқу залымен жабдықталған.