Тараз. 7 қараша. 77news — Ширек ғасырдан астам тарихы бар облыстық «Қазақстан-Тараз» телеарнасы жаңа маусымға аяқ басты. Qazaqstan  телерадиокорпорациясы өз құрамына енетін арналарға ребрединг жүргізіп, 14 облыстағы телеарналардың атауын жаңартты. Тиісінше, енді «Қазақстан-Тараз» арнасы да «Jambyl» атауын иемденді. 

«Jambyl» телеарнасы 1989 жылы 1 қарашада  ең алғаш рет эфирге шықты. Осы уақыт аралығында арна өз атауын бірнеше рет өзгертіп те үлгерді. Еліміздің латын әліпбиіне көшуіне байланысты жазылуы, аталуы да өзгерді. Ал, жаңа маусымнан бастап «Jambyl» телеарнасы тәулігіне 17 сағат эфирге шығатын болады.

«Біз жаңа кезеңге аяқ бастық. Жаңа маусымда көрермендермен көптеген жаңа хабарлармен, жағымды жаңалықтармен жүздесетін боламыз. Жаңа хабарлардың қатарында «Салмақты сөз», «Білім және инновация», «Заман және біз» атты түрлі туындылар бар», — деді «JAMBYL» телеарнасы директорының орынбасары — бас редакторы Алпамыс Қазыбаев.

Тұсаукесерге келген қонақтар ұлттық телеарна мен  оның жергілікті филиалының осы маусымдағы жаңа жобаларын көре алды. Бүгінгі күні телеарнада өңірдің өзекті мәселелері талқыланатын тақырыптық-ақпараттық бағдарламалардың  жалпы саны 43-тен асады.