Фото:schoolturan.kz

Тараз. 8 қараша. 77news — Қазақ ағартушысы және ғалым Ахмет Байтұрсыновтың туған күні «Қазақстан халықтары тілдері» күні деп атап өтіледі. Бұл туралы лингвист Ербол Тілешовке сілтеме жасап «Sputnik Қазақстан» сайты хабарлайды. 

«Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың қаулысы бойынша 5 қыркүйекті «Тілдер күні» деп бекіту туралы шешім қабылданды. Барлықтарыңызды шын жүректен құттықтаймын. Дәл осы күні Ахмет Байтұрсынов туылған еді. Ол 1873 жылы 29 қыркүйекте туылды деген мәлімет те шыққан. Бірақ мен тілдерді дамыту басқармасында жұмыс істей жүріп, Байтұрсыновтың өз қолымен жазылған 3 құжат таптық. Онда «5 қыркүйекте туылдым» деген жазба бар. Сондықтан, осындай шешім қабылданды», — деді Ербол Тілешов Астанадағы қазақ әліпбиінен латын графикасына өтуді талқылаған дөңгелек үстел кезінде.

Осыған дейін Қазақстан халықтары тілдері мерекесі қыркүйек айының әрбір үшінші жексенбісінде мерекеленген еді.

Ағартушы және ғалым Ахмет Байтұрсынов — қазақ лингвистикасы мен әдебиеттануының негізін қалаушы. Ол қазақ тілі ғылымының негізін қалап, грамматикадағы ғылыми терминологияны бекіткен. Дегенмен, «халық жауы» ретінде атылып, тек өлімінен жарты ғасыр өткеннен кейін ғана ақталып шықты.